06 мам, 2025 сағат 11:35

Генерал Панфиловтың жасаған ерлігімен 3D проекция арқылы танысуға болады


Фото: tengrinews.kz

Алматыдағы Жауынгерлік даңқ музейі заманауи технологиялардың көмегімен қайта жаңғырды. Генерал-майор Иван Панфилов басқарған әйгілі 316-атқыштар дивизиясына арналған экспозиция реконструкцияланды, - деп хабарлайды 24.kz.

Енді музейге келушілер Мәскеу үшін шайқасты виртуалды әлем арқылы көре алады. Ауқымды жобаға аты аңызға айналған қолбасшының немересі жетекшілік етті. Алматы қаласындағы Жауынгерлік даңқ музейіне цифрлық технологиялар енгізіліп, соғыс тарихына қатысты жәдігерлер ерекше сипатқа ие болды. Енді бұл тек Брест қамалынан әкелінген жәдігерлердің, қару-жарақ пен жауынгерлердің жеке заттарының көрмесі ғана емес, соғыс жылдарын тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін мәдени орынға айналды. Музейге келушілер генерал-майор Панфилов пен оның дивизиясының ерлігін виртуалды реконструкциялар, интерактивті инсталляциялар және 3D-проекциялар арқылы тамашалай алады.

"Қазір витриналар жанына панельдер орнатылған. Барлық материалдар осы панельдерде көрсетіледі. Кез келген адам өзіне қызықты құжатты таңдап, оны үш тілде — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жақыннан оқи алады. Бұдан бөлек, диорама да басқаша көрініске ие болады. Экспозицияның соңында Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесіне қатысты мәлімет беріледі", - дейді Жауынгерлік даңқ музейінің басшысы  Алуа Байқадамова.

Алуа Байқадамова генерал Панфиловтың немересі, Даңқ музейін он жылдан бері басқарып келеді. 1965 жылы тарихи экспонаттар офицерлер үйіндегі бір бөлмеде ғана орналасқан болатын. Кейін оның анасы Валентина Ивановна ардагерлердің басын қосып, музейді жандандырды. Бүгінде музейге мектеп оқушылары мен студенттер жиі келеді. Мұнда олар қазақстандықтардың Брестті қорғауы, Берлинге шабуылы және Жеңіс туын тігуіне қатысты тарихи жәдігерлерді көре алады.

"Қазақстаннан соғысқа шамамен 1 миллион 400 мың адам қатысты. Ал сол кездегі халық саны небәрі 6 миллионнан сәл асатын еді. Бұл соғыс әр отбасыға қаншалықты қиындық әкелгенін көрсетеді. Сондықтан жастар соғыс туралы көбірек білгісі келеді. Біз оларға өз батырларымыз бен еліміздің қосқан үлесі туралы айтамыз", -  дейді Алуа Байқадамова.

Байқадамованың айтуынша, әдетте 1941 жылдың қараша айындағы шайқастар жиі еске алынады. Сол сәтте аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальон негізгі дивизиядан бөлек әрекет етіп, Мәскеу түбінде жаудың шабуылына тегеурінді тойтарыс берген болатын. Алайда қазан айындағы шайқастарды да ұмытпаған жөн. Дәл сол кезде басталған Гитлердің “Тайфун” операциясына Панфилов дивизиясы қарсы тұрып, жауды күйретті.

"Офицер ретінде мен әскер құрамасын құрудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін", - дейді бірінші дәрежелі капитан Көпесбай Жампейісов.

Панфиловты Сталин Мәскеуге шақырып, арнайы тапсырма берді: дивизияны жасақтау керек болды. Бұл жай кездейсоқ таңдау емес еді. Панфиловтың ерекше таланты мен көрегендігі сол — 15 мың жауынгерден бір мақсат пен бір рухқа жұмылған темірдей топ құра алды. Музейде құжат өте көп, сондықтан экспозициялар басқа музейлермен салыстырғанда тығыз орналасқан, дейді Алуа Байқадамова. Оның арманы музейдің аумағын кеңейтіп, Жауынгерлік даңқ музейі үшін бөлек, заманауи кеңістік ашу.