Фото: Sports.kz
Рио-де-Жанейро 2016 Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан азаматтығынан бас тартатынын айтты. Ол Terminal подкасына берген сұхбатында өз міндеттемелерін орындап, енді өз еліне қайтқысы келетінін мәлімдеген. Спортшының бұл шешімін көптеген қазақстандық күйіне қабылдады. "Қасқырды қанша тамақ беріп бақсаң да, орманға қарап ұлиды" сарынында пікірлер жазылып, спортшының бұл тағдыры басқа да легионерлерге теріс үлгі болатынын айтуда.
Спорт журналисі Аслан Қаженов дәл Галбадрахтың жағдайында халықтың шүйлігетіндей жайы жоқ дейді. Өйткені ол тәуелсіздік жылдарында елге келген 130-дан аса легионерлердің арасында елеулі нәтиже көрсеткен бірден-бір спортшы.
"130-дан аса келімсек арасында небір қыртымбайлар бар. Қазақстан азаматтығын иемденіп алып, айлығы мен сыйақысын қалтаға басып, қазақ балаларын жолын жауып, дым нәтиже көрсетпей кеткені қаншама. Көк паспортымызға қол созып, елімізге еш үлес қоспай, тіпті, елімізге еш табанын тигізбей жүргендері қаншама. Оның қасында Галбадрах "потологын" қойып берді ғой", - деп жазды Қаженов.
Аслан Қаженов дзюдошы қыздың жеткен жетістіктеріне бөлек тоқталды.
"Моңғол қызы бізге 2015 жылы келді. Содан бері дзюдодан барлық жарыста жүлде әкелді. Тарихи нәтижелер тіркеді. Қазақстан соның арқасында алғаш рет олимпиаданың және әлем чемпионатының жеңіс тұғырына көтерілді. Ол ештеңе емес. Артынан Әбиба Әбужақынова мен Ақмарал Науатбек шықты. Екеуі де осы Галбадрахпен күресіп жетілді. Галбадрахпен күресіп шыңдалды. Оны үнемі сұхбаттарында айтады. Қазақтың қос қызы да қазір сол тарихи жеңіс жолын жалғап, әлемдік деңгейде керемет өнер көрсетіп жүр. Легионер спортшы одан артық не беруі керек? Галбадрахтан аса отандық дзюдоға үлес қосқан қай келімсек бар?", - деп сұрақ қояды журналист.
Журналист Галбадрах Қазақстанмен байланысты үзбейтінін, Моңғолияда жасөспірімдерді дайындап, шәкірттерін Қазақстанда өтетін жарыстарға әкеліп тұратынын айтты.
"Бұған дейін Алматыдағы және Тараздағы турнирлерге келгенін білемін. Жоғарыда айтқан ұлттық құрамадағы қыздармен де байланыста. Үнемі ақыл-кеңесін айтып жатады. Айтпақшы, 2021 жылдан бері мемлекеттен ешқандай айлық та, сыйақы да алмайды", - деп қосты Қаженов.
Аслан Қаженов Галбадрах Отгонцэцэгты сынағанша, Олимпиадаға шығудан бас тартқан Рыбакина мен Путинцеваға, бәрінің соңында жүгіріп жүретін Джепкемей мен Кипкируиге, допингпен лақтырып кеткен Рахимов пен басқаларға әңгіме айтыңдар деп кеңес берді.