19 қар, 2020 сағат 21:38

G-Global аясында Ұлы Жібек жолы жаһандық сыйлығы беріледі

G-Global аясында алдағы уақытта Ұлы Жібек жолы жаһандық сыйлығы беріледі. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық клубтың президенті, «G-Global. XXI ғасырдағы әлем» Халықаралық конгресінің халықаралық хатшылығының бірінші орынбасары Мұрат Қарымсақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл бастама 2019 жылы 40 мемлекеттің көшбасшылары қатысқан Халықаралық форумда қолдау тапты. Сол себепті кешегі қалалар мэрлерінің форумында Ұлы Жібек жолы Жаһандық сыйлығын бекіту жөніндегі ұйымдастыру комитетін құру бастамасын көтердік. Қалалар мэрлерінің келесі халықаралық форумына дейін жаһандық сыйлықты табыстау шарасын ұйымдастыру жолында белсенді жұмыс жүргізуге шақырамыз. Ол форум 2021 жылы Бейжіңде өтеді», - деді Мұрат Қарымсақов. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған G-Global ақпараттық-коммуникациялық платформасы әлем халықтарының бірыңғай және тең дәрежелі диалогы арқылы әлемдік бірлестіктердің жұмысының тиімді болуына жайлы жағдай жасайды, әртүрлі зерттеу жүргізеді. Форум жұмысына ғалымдар мен практиктердің, мемлекеттік, қоғамдық, халықаралық, ақпараттық саланың өкілдері тартылған. Қазіргі таңда «G-Global» жобасы «Бір белдеу – бір жол» жобасының Бас серіктесінің бірі саналады.