Бүгін елордада футзалдан Қазақстан Кубогы финалында ойнайтын екі команда анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған турнир елордадағы «Сайран-арена» спорт кешенінде өтіп жатыр. Онда барлығы 8 команда бақ сынаған болатын. Командалар екі топта сынға түсті.
А тобында «Жетісу» (Талдықорған), «Бәйтерек» (Орал), «Аят» (Рудный), «Оқжетпес» (Көкшетау) командалары шеберлік байқасты. Ойындар 5-8 қазан аралығында өтті. Олардың арасынан «Жетісу» мен «Аят» жартылай финалға жолдама алды.
Ал В тобында «Қайрат» (Алматы), «Ақтөбе», «Атырау» және «Каспий» (Ақтау) клубтары сынға түсті. Бұл төрттіктен «Қайрат» пен «Ақтөбе» жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда ақтөбелік футзалшылар «Аятты» 3:1, «Қайрат» «Жетісуды» 2:0 есебімен жеңді.
Енді финалда «Қайрат» және «Ақтөбе» командалары кездеседі. Ойын «Qazsport» телеарнасынан елорда уақытымен 11.55-те тікелей эфирде көрсетіледі.