Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының сегізінші турында соңғы екі ойын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алдымен, Қостанайдың «Тобыл» және Петропавлдың «Қызылжар» командасы кездесті. Ойын барысында қостанайлық клуб сапынан Дмитрий Мирошниченко - 35, Азат Нұрғалиев 49-минуттарда гол соқты. Ойында «Тобыл» 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Соңғы кездесуде Алматының «Қайраты» мен Қызылорданың «Қайсар» командалары жасыл алаңға шықты. Көш басында келе жатқан екі команда арасындағы тартыс қызықты өрбіді. Бірінші кезеңнің 44-минутында «Қайсар» сапынан Элгуджа Лобжанидзе гол соғып кетті. Оған 71-минутта алматылық Айбол Әбікен бір голмен жауап қайырды. Ал 90-минутта Адеринсола Эсеола жеңіс голын соғып кетті. Осылайша «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл - алматылық клубтың биылғы доп додасындағы жетінші жеңісі. Айта кетейік, екі команда да 17 қыркүйекте Еуропа лигасында еліміздің намысын қорғайды.