01 нау, 2018 сағат 14:08

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері тағайындалды

Болгариялық 51 жастағы маман Станимир Стоилов ресми түрде Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының өкілдері бүгін, 1 наурызда Астана қаласында өткен баспасөз жиыны кезінде жариялады.

Еске салайық, 22 қаңтарда Қазақстан құрамасы Александр Бородюк қызметінен кеткеннен кейін бас бапкерсіз қалған еді. Ресейлік маман Қазақстан құрамасымен бір жылдан аз уақыт жұмыс істеді. Оның бастамасымен біздің құрама сегіз кездесу өткізіп, алты рет жеңіліп, бір рет тең ойнады.

Ал 8 қаңтарда "Астана" футбол клубы Стоиловпен жаңа келісімшарт жасағаны туралы ресми хабарлаған еді. Елордалық клубпен Стоилов ең бірінші келісімшартын 2014 жылы жасаған болатын. Содан соң келісімшарт 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.

Болгариялық маман бірінші маусымда-ақ елордалық клубпен Қазақстан Чемпионы атанды. Одан кейін "Астана" бұл бапкермен ішкі біріншілікті үш рет жеңіп алды. 2015 жылы "Астана" қазақстандық клубтардың арасында бірінші болып Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты.

2016 және 2017 жылдары "Астана" Стоиловпен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. Ал биылғы маусымда "Астана" қазақстандық клубтар арасында Еуропа лигасының 1/16 финалына бірінші болып шықты. Болгариялық "Тема Спорт" басылымының хабарлауынша, елордалық клубпен жасаған жаңа келісімшарты бойынша Стоиловтың бір жылдық жалақысы 1,2 миллионға дейін өскен.