Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты қайта жалғасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл жөнінде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мәлім етті. Лига сайтында 18-30 тамыз күндері аралығында өтетін ойын кестесі жарияланды.
Естеріңізге сала кетсек, елімізде коронавирус инфекциясы алдын алу мақсатында алдағы ойындар Алматы және Талғар қалаларындағы төрт стадионда өткізіледі.
Аталған турдағы үш ойын 18, біреуі 19 тамыз күні болады. Атап айтқанда, 18 тамызда Ақтаудың «Каспий» және Алматының «Қайрат» (Талғар. Оқу-жаттығу базасы. 17.00) клубтары шеберлік байқасады. Сол күні Талдықорғанның «Жетісу» және Шымкенттің «Ордабасы» (Алматы. Орталық стадион. 19.00), Жамбыл облысының «Тараз» және Петропавлдың «Қызылжар» (Алматы. «Жас қыран» стадионы. 21.00) командалары жасыл алаңға шығады.
Ал 19 тамызда Қарағандының «Шахтер» және Қызылорданың «Қайсар» (Алматы. Т.Сегізбаев атындағы стадион. 18.00) болады. Бұл турдағы Қостанайдың «Тобыл» және елордалық «Астана» клубтарының кездесуі кейінге қалдырылды. Себебі, 18 тамызда «Астана» Чемпиондар лигасы бірінші кезеңінде сырт алаңда Беларусьтің «Динамо» (Брест) клубымен жарыстың екінші сатысына берілетін жалғыз жолдама үшін таласады.
Естеріңізге сала кетелік, қазірге дейін елімізде үш тур ойындары өткізілді. Алғашқы екі турдан кейін коронавирус инфекциясына байланысты чемпионат белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Одан кейін 1 шілдеде үшінші тур өткізіліп, елімізде карантин шараларының күшейтілуіне байланысты қалған ойындар тағы да кейінге шегерілді.