17 шіл, 2018 сағат 10:23

Футболдан Әлем чемпионатын үздік жүргізген спорт комментаторлары анықталды

Футболдан Ресейде өткен Әлем чемпионатын жүргізген 15 спорт комментаторының ішіндегі үздіктері анықталды. Үздіктерді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихатында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин бүгін таңертең ФИФА-ның ұйымдастыру комитетінен футболдан Әлем чемпионатын жоғары деңгейде көрсетілімін қамтамасыз еткені үшін телерадиокорпорацияға алғыс хат келгендігін айтты.

«Бір ай бойы әлеуметтік желілер немесе басқа да құралдар арқылы көрермендеріміз тарапынан күніге алғыс хаттар келіп түсуде. Әсіресе, комментаторлардың жұмысын бөліп атап жатыр. Әлемдік футбол туралы айтпағанда, біздің телевизия үшін, біздің спорттық журналистика үшін бұл да бір бетбұрысты оқиға болды. Себебі біздің аудитория өзіміздің телеарналарға, спорт комментаторларына көңіл бұрып, еңбектерін бағалап жатыр», - дейді ол.

Ерлан Қарин өз сөзінде бір ай бойы футбол ойынын жүргізіп келген спорт коментаторларына алғысын білдірді.

«Барлық әлеуметтік желілерде арнайы байқау ұйымдастырып, біздің комментаторлардың жұмысын қалай бағалайтынын білгіміз келді. Қай спорт комментаторы үздік деп атайсыздар деп байқау жариялаған едік. Байқауға ұсыныстар әлі де түсіп жатыр. Бірақ, бірден біздің де, жанкүйерлердің де берген бағасы бойынша ойымыз бір жерден шығып отыр», - дейді Ерлан Қарин.

Белгілі болғандай, футболдан Әлем чемпионатын қазақ және орыс тілінде 15 спорт комментаторы жүргізген. Байқау әлеуметтік желілерде корпорацияның барлық аккаунтарында жарияланған.

Ерлан Қариннің айтуынша, спорт комментаторларының жүргізуінде аса үлкен қателіктер болмаған.

«Чемпионатты жүргізген әріптестермен келісіп, оларды бақылап, көрермендердің реакциясын бақылап отыратынымызды ескерттік. Содан кейін әлеуметтік желіге шықтық», - дейді ол.

Осыдан кейін «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин әлеуметтің бағасы бойынша анықталған үздік спорт комментаторларды атады. Олар - Ермұхамед Мәулен мен Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян және Тимур Сүлейменов.

Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, үздік атанғандарға ақшалай сыйақы беріледі.

Еске сала кетсек, футболдан Әлем чемпионатының финалында Франция мен Хорватия құрамалары кездесіп, Франция жеңіске жеткен болатын.