Футболдан 2020 жылғы Ұлттар лигасы жеребесінде Қазақстан құрамасы төртінші себетте орналасатын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" UEFA-ның ресми сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетелік, аталмыш турнирде қазақстандық құрама С дивизионында сынға түседі. Бұл себетте Армения, Әзербайжан және Молдова құрамалары бар. Ал бірінші себетте Грекия, Албания, Черногория, Грузия, екіншісінде Солтүстік Македония, Косово, Беларусь, Кипр, үшіншісінде Эстония, Словения, Литва, Люксембург құрамалары орналасқан.
Ұлттар лигасы 2018 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл жолы қазақстандық құрама Д дивизионында бірінші топта Грузия, Латвия, Андорра құрамаларымен шеберлік байқасты. Нәтижесінде Грузия жеңімпаз атанды. Қазақстан алты ұпаймен екінші орын алды.
2020/2021 жылғы Ұлттар лигасы жеребесі 2020 жылдың 3 наурызында Голландия астанасы - Амстердам қаласында тартылады. Іріктеу кезеңі ойындары сол жылдың 3 қыркүйегі және 17 қарашасы аралығында өтеді. Аталмыш турнирдің финалдық сатысы 2021 жылдың 31 мамыры мен 8 маусым аралығына жоспарланған.