13 қаң, 2021 сағат 09:05

Футбол: Түркістандық «Арыс» клубы премьер-лигаға қосылды

Түркістан облысының «Арыс» клубы премьер-лигаға қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Клубтың баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өткен маусымда бірінші лигада өнер көрсеткен «Арыс» өз тобында «Ақтөбеден» кейін екінші орын алған болатын. 

Биыл Қазақстан футбол федерациясы атқару комитетінің шешімімен премьер-лига қатары 14 командаға дейін кеңейтілген болатын. Сондықтан Оралдың «Ақжайығымен» бірге «Арыс» та премьер-лигада ойнауға мүмкіндік алды.

«Костуин» әуесқой клубы 2002 жылы құрылып, бір жылдан кейін кәсіпқойлар қатарына қосылды. 2004 жылы «Арыс» болып аталып, алайда маусым соңында команда тарап кетті. 

2018 жылы «Арыс» қайта жанданып, 2019 жылы екінші лигада өнер көрсетті. Осы маусымның қорытындысы бойынша бірінші лигаға жолдама алды. 

Осылайша «Арыс» клубы өз тарихында алғаш рет премьер-лигада ойнамақшы. 

Команданың бас бапкері – қазақстандық маман Әбдіхалық Бөрібаев. Жаттықтырушылар құрамына сондай-ақ Фархатбек Ирисметов, Юрий Новиков, Кулдош Ешжанов кіреді.