Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында 2021 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары өтті. Қазақстан жастар құрамасы өз алаңында Черногорияны қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Іріктеу сатысын қазақстандық футболшылар сәтті бастаған еді. Алдымен сырт алаңда Фарер аралдарын 3:1, Черногорияны 2:1 есебімен сүріндірді. Одан кейін өз алаңында Испаниядан 0:1, Израильден 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал бесінші кездесуінде Солтүстік Македониямен 1:1 есебімен тең тарқасты.
Бес ойыннан кейін жастарымыз турнир кестесінде 7 ұпаймен үшінші орында тұрған болатын. Бүгінгі кездесуде басым түссе жағдайын жақсартып алар еді. Дегенмен ойын барысы басқаша өрбіді.
Екінші кезеңде Черногория сапынан Милутин Осмаич 25, 68-минуттарда қос голдың авторы атанды. Ал 80-минутта қарсылас команда қатарынан Марко Ракоянц есепті ұлғайта түсті. 90-минутта Илия Вукотич қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Қазақстан жастары қарсыласына 0:4 есебімен жеңіліп қалды.
Енді Қазақстан жастар құрамасы төрт ойын өткізеді. Алдымен, 8 қыркүйекте сырт алаңда Израильмен шеберлік байқасады. 8 қазанда өз алаңында Солтүстік Македониямен кездессе, 13 қазанда сырт алаңда Испаниямен жасыл алаңға шығады. Соңғы ойынында 17 қарашада Фарер аралдарын қабылдайды.
Естеріңізге сала кетелік, 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы Еуропа чемпионаты 2021 жылдың 9-26 маусым аралығында Венгрия және Словенияда өткізіледі. Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.