09 қаң, 2020 сағат 13:00

Футбол: Қазақстан құрамасы наурызда Литвамен ойнайды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы наурыз айында Литвамен жолдастық кездесу өткізеді, – деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.

Естеріңізге сала кетелік, 2020 жылдың 23-30 наурыз аралығында ұлттық құрама Талғар қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Дайындық шарасы барысында Алматыда екі жолдастық кездесу өткізу жоспарланған. Алдымен 27 наурызда Литвамен шеберлік байқасса, 30 наурызда Армениямен ойнайды.

Қазір Литва құрамасын 52 жастағы маман Вальдас Урбонас жаттықтырады. 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде аталмыш құрама В тобында Украина, Португалия, Сербия, Люксембург құрамаларымен ойын көрсетті. FIFA-ның соңғы рейтингі бойынша 131 орында тұр. Ал Қазақстан аталмыш рейтингте 118 орында.

Екі құрама бұдан бұрын бір мәрте кездесті. 2014 жылдың 5 наурызында Түркияның Анталия қаласында өткен жолдастық кездесуде 1:1 есебі тіркелді.