Ел чемпионы «Астанаға» Қазақстан құрамасының төрт ойыншысы қайтып оралды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қақпашы Дмитрий Непогодов, қорғаушылар Сергей Малый мен Марат Быстров және шабуылшы Алексей Щеткиннің шымкенттік «Ордабасыға» жалға беру уақыты біткендіктен, клубқа қайта қосылды.
Өткен маусымда С.Малый «Ордабасы» құрамында 29 ойын өткізіп, бір гол соқты. Оның елордалық клубпен келісімшарты алдағы жазда бітеді. А.Щеткин шымкенттіктермен бірге 22 матчта қарсыластар қақпасына жеті гол енгізді. 23 кездесу өткізген М.Быстров та «Ордабасының» негізгі футболшысына айналған болатын.
Бұл екеуінің «Астанамен» бір жылға келісімшарты бар. Шымкенттік команда қақпасын 29 мәрте қорғаған Д.Непогодов премьер-лигада өткен жылғы маусымның үздік қақпашысы атанды.
«Астана» клубының бапкерлері Португалияда өтетін оқу-жаттығу жиынына кеткенше келген төрт ойыншының қайсысы командамен қалатынын, қайсысы қайтадан жалға берілетінін шешуі тиіс. Сонымен қатар елордалық клубқа Қызылорданың «Қайсарынан» Армения құрамасының шабуылшысы Тигран Барсегян келмекші.
«Астана» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, елордалықтар Португалиядағы жиын барысында Англия чемпионшипінің өкілі «Брентфорд» клубымен 25 қаңтарда жолдастық кездесу өткізеді. Лондондықтар қазіргі кезде үшінші орында келеді, яғни ағылшын премьер-лигасына өтуден үміткерлердің бірі.