13 қаң, 2021 сағат 13:54

Футбол: «Ақжайық» командасына бас бапкер тағайындалды

Украиналық маман Владимир Мазяр «Ақжайық» командасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақжайық» футбол клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, Мазяр бұдан бұрын да команданы жаттықтырған болатын.

2018 жылғы маусымда украиналық маман бас бапкер болған кезде «Ақжайық» премьер-лигада тоғызыншы турдан кейін алтыншы орында тұрған еді. 

В.Мазярдың ойыншы ретінде де тәжірибесі мол. Спорттық жолында түрлі командаларда 300-ден астам матч өткізген шабуылшы 79 гол соқты. Украина, содан кейін Әзербайжан чемпионаттарында өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. 

Өз елінде 43 жастағы маман «Сталь» (Днепродзержинск), «Верес» (Ровно), «Рух» (Винники), «Полесье» (Житомир) командаларын жаттықтырды. Өз клубтарының шеберлігін арттырып, екінші лигадан біріншіге, бірінші топтан Украинаның премьер-лигасына алып шықты.