23 там, 2021 сағат 14:04

Француз Полинезиясында карантин шаралары күшейтілді


Француз Полинезиясында COVID-19 жағдайларының күрт көбеюінен мектептер жабылып, карантин шаралары күшейтілді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА Халықаралық француз радиосына сілтеме жасап.

Архипелагта Франция үшін коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелуде – өткен аптада әр 100 мың адамның 2 800-і вирус жұқтырған. Осылайша, әр апта сайын халықтың 3%-ы коронавирус жұқтырып отыр. 

Енді Францияның теңіздің арғы жағындағы қауымдастықтардың барлығы білім беру мекемелерінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Француз Полинезиясында енгізілген шектеулер Франциядағы бірінші локдаун кезіндегі шектеулерге ұқсайды. 

Алғашқы қажеттілік тауарын сатпайтын дүкендер жабылады. Кешкі 8-ден таңғы 4-ке дейін комендант сағаты енгізіледі. Қалған кездері тек маңызды себеппен ғана сыртқа шығуға рұқсат етіледі. 

Архипелагтағы жағдайды оның Франция аумағынан алыс орналасқаны қиындатып отыр. Францияның құрлық бөлігінде орналасқан өңірлердегі COVID-19-дың ауыр түрлерімен ауыратын науқастарды жансақтау бөлімшелері толмаған Париж қаласына немесе басқа ірі қалаларға ауыстырып жатады. 

Француз Полинезиясында мұндай мүмкіндік мүлде жоқ – еуропалық континент пен Таити арасы 15 мың шақырым. 

COVID-19 жұқтыру жағдайларының күрт көбеюі вакциналаудың төмендігімен байланыстырылып отыр. Францияның құрлықтық бөлігінде халықтың 60%-ы вакцина алған. 

Архипелагта вакцинаның екі дозасын 270 мың халықтың 90 мыңы, яғни 30%-ы ғана алған.