Дүйсенбі күні Францияда белгілі бір орындарда «вакцина паспортын» көрсетуге міндеттейтін ережелер күшіне енді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Енді Франция тұрғындары дәмхана, мейрамханаға кірерде және халықаралық сапарға шығарда COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық компонентін алғаны туралы ақпараты бар вакциналау сертификатын не ПТР-тестілерінің нәтижелері жазылған анықтаманы көрсетуі тиіс. Франция билігі республиканың Конституциялық кеңесі мойындаған бұл норманың вакциналауды жылдамдатып, коронавирустың «төртінші» толқынымен күресте маңызды рөл атқарады деп үміттеніп отыр.
«Жасыл паспорт» - жаңа коменданттық сағаттар мен локдаундарды болдырмауға көмектесуі тиіс», - деп мәлімдеді Францияның Денсаулық сақтау министрі Оливье Веран баспасөзге берген сұхбатында.
О. Веран ережелерге аздап өзгерістер енгізілгенін, атап айтқанда, ПТР-тестілер бұрынғыдай жоспарланғандай 48 сағат емес, 72 сағат бұрын жасалуы мүмкін екенін жариялады. 21 шілдеден бастап вакциналау сертификаты мәдени нысандар, театр және мұражайларға кірерде талап етіледі.
5 тамыздағы жағдай бойынша, COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның екі дозасын Франция тұрғындарының 49,7 пайызы алған. Көпшілік арасында жүргізілген сауалнамалар нәтижесінде француздардың көбі «жасыл паспорттың» енгізілуін қолдайтынын көрсетті.