13 шіл, 2021 сағат 23:29

Францияда дүкен мен кинотеатрға кіру үшін вакцина туралы анықтама талап етілмек


Францияда дүкен, бар және кинотеатрларға кіру үшін вакцина туралы анықтама талап етілмек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BBC-ге сілтеме жасап.

Франция президенті Эммануэль Макрон 21 шілдеден бастап Францияда дүкен, бар және кинотеатрларға кіру үшін вакциналау туралы анықтама немесе жақында өткен вирустың жоқтығын дәлелдейтін тестілеу нәтижесін көрсету керек екенін айтты 

«Мен сіздерден не сұрап тұрғанымды және сіздердің оған дайын екендеріңізді де білемін», - деді Макрон дүйсенбі күні телеарнадан.

Бұдан бұрын Францияның Денсаулық сақтау министрі Оливье Веран 15 қыркүйекке дейін барлық медициналық қызметкерлердің екпе алуы керек екенін, әйтпесе, олардың жалақыдан айырылатыны туралы ескерткен еді. 

Президенттің мәлімдемесінен соң Doctolib сайтына кірген адамдар санының күрт көбейген. Бұл сайт вакцина алуға алдын ала кезекке тұруға мүмкіндік береді.

Францияда «Дельта» нұсқасын жұқтыру оқиғалары көбейіп, ауруханаға түсушілер саны артуда. 

Сарапшылар алдағы айларда елде эпидемияның екінші толқыны басталуы мүмкін екендігін ескертуде. Олардың айтуынша, вирустың таралуын қадағалап отыру үшін елдегі тұрғындардың кем дегенде 95% вакцина алуы керек.

Бүгінгі күні Франция халқының жартысынан астамы ғана екпе алған, вакцинаның екі компонентін алғандардың үлесі – 40% ғана.