01 мам, 2021 сағат 18:21

Өзбекстан билігі Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылу себептерін жариялады


Өзбекстан елінің билігі Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуының үш себебін жариялады. Төтенше жағдайды тергеу амалдарының нәтижелерімен арнайы брифинг кезінде Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдай министрінің бірінші орынбасары Абдолла Құлдашев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ең алдымен, бұған Су ресурстары министрлігі кінәлі, себебі ведомство нысанды ұйымдастыру, жобалау және салу кезінде жауапсыздық танытты. Құрылысты толық пайдалануға беру кезінде аталған су қоймасын пайдаланудың ережелері бекітілген жоқ. Бұл процесте техникалық және нормативтік талаптар күрделі бұзылған. Екінші себеп: су қоймасының жұмыс құжаттарын даярлаған UzGip жобалық ұйымы, техникалық-экономикалық негіздеменің кейбір сәттерін ескерместен өздігінен өзгерістер енгізген. Осылайша, мысал ретінде, бөгеттің конструкциясы мен сейсмотұрақтылығына мән берілген жоқ. 

Болған оқиғаға сондай-ақ мердігер мен «Узбекистон темир йуллари» ААҚ-ның субмердігерлері жауапты болуда. Олар қағазда және іс жүзінде көрсеткіштердің ара қатынасы – бөгеттегі топырақ тығыздығын атап өткен жоқ, ал фильтр мен тас қабатының қалыңдығы жобада көрсетілгеннен аз болып шыққан. Яғни, Сардоба бөгетін салу кезінде бұзушылықтар жобалау кезінде жасалып, жағдай құрылыс пен пайдалануға беру кезінде одан да нашарлады, деп хабарлады А.Құлдашев. 

ТЖМ басшысы орынбасарының мәліметінше, 17 өкілетті тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың істері Жоғарғы сотқа жіберілді. 

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 1 мамырынан бастап Сардоба су қомасындағы бөгеттің төменгі жағын су шайып кетуінен Сырдария облысы Сардоба ауданының аумағында су жайылды. Судың негізгі ағынын төмендету үшін өзбек тарапы шлюздерді суару каналдарына ашты. Соның салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Жеңіс және Жаңа Тұрмыс елді мекендерін су басты.