Франция үкіметі «санитарлық рұқсаттамаларды» қолдануды кеңейту және аурухана қызметкерлері үшін міндетті вакцинация талабы туралы бағдарламаны жариялағаннан кейін елдегі вакцинация қарқыны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүйсенбі күні Франция президенті Эмманюэль Макрон 40 млн ел тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бірінші дозасын алғанын мәлімдеді. Бұл Франция халқының 60%-ын құрайды. Соңғы екі аптада вакцинация қарқыны артты.
Франциялық БАҚ хабарлағандай, бұған «санитарлық рұқсатнамаларды» қолдану және медицина қызметкерлерін міндетті түрде вакциналау ықпал етті.
Сондай-ақ елдің 33 миллионнан астам тұрғыны (50%-ға жуығы) толық вакциналанды (екі дозасын алды).
Француз билігі тамыз айының соңына дейін вакцинаның кем дегенде бір дозасын 50 миллион адамның алуын көздейді.
Сондай-ақ шілде айының екінші жартысында Францияда «дельта» нұсқасының таралуына байланысты коронавирус жұқтырушылар саны артуда.
25 шілдеде коронавиррус жұқтырудың 16 мың жаңа жағдайы анықталды. Айдың басында бір тәулікте 2,5 мыңға жуық жағдай тіркелген болатын.
Билік өкілдері атап өткендей, коронавирусқа шалдыққандардың көпшілігі – екпе алмаған тұрғындар.
Шетелге сапары барысында президент Э.Макрон республика тұрғындарын екпе алуға шақырып, вакцинадан бас тартқандарды «жауапсыздар» мен «өзімшілдер» деп айыптады.