Коллаж: ult.kz
Бүгін Мәжілісте «Елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы» Үкімет сағаты өтті. Онда депуттар Air Astana компаниясының президенті Питер Фостерге шүйлікті. Бұл туралы ULT.KZ тілшісі хабарлайды.
Депутаттар Питер Фостерге Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын ескертіп, жергілікті халықпен санасуы керек екенін баса айтты.
«Сіз күлмеңіз отырып алып! Сіз бізді менсінбей отырсыз. Бұл жерде күлетін ештеңе жоқ. Біз сізге абориген емеспіз Африкадағы ештеңе түсінбейтін. Ойнамаңыз! Бұл парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі халықтың өкілі», -деп депутат Еділ Жаңбыршин күліп отырған Питер Фостерге қарап, ашуға булықты.
Депутат «Air Astana біздің аспанымыздың құдайы болып алған» деп, әуе компаниясының басшысына «осы елде жұмыс істеп отырғасын, біздің елдің мүддесін қорғап, заңын сыйлауыңыз керек» деп ескету жасады.
«Air Astana-ның мәселесін майшаммен қарау керек. Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз! Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. Біз Мұсабаев екеуіміз 1 сағат кешіккенге 3 пайыз айыппұл салатын норма енгіздік. Енді қызықты қараңыз, Air Astana 12 сағатқа кешікті, мен әлі айыппұлын ала алмай жүрмін. Неге? Олар құйтұрқы схема жасап қойған», -дейді депутат.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те Еділ Жаңбыршиннің Фостер мырзаға «шаңыраққа қараңыз!» деген ескертуін қолдайтынын айтты. Ол өз басынан өткен жағдайды мысалға келтірді.
«Халық рейстен қалып, 8 сағат тұрды. Ал Фостер мырза сол халықтың қасынан өтті. Бәрі Air Astana деп шулап жатыр. Тоқтамай лаундж барға кіріп кетті. Сол лаундж барда кофесін ішіп отырған. Мен де сол рейстің ішіндемін. Мен көтерілдім де, сол Фостер мырзаға: -"Астында халық күтіп отын, нука түсіңіз! " дедім. Сонда ол түспейді, өзінің өкілдерін жіберіп қойған. Сонда ол түскісі келмейді, халықпен кездескісі келмейді. Міне, қарым-қатынасы осындай! Тек мен өзімнің депутаттық куәлігімді көрсеткеннен кейін ғана түсті», -дейді депутат.
Содан кейін депутат Бақытжан Базарбек Air Astana Кариб аралдарында тіркелгенін, компанияның барлық ұшақтары Ирландияда тіркелгенін айтты.
«Азаматтық авиация конвенциясының 17 бабына сәйкес әуе кемелері қай елде тіркелсе, сол елдің иелігі болып танылады. Яғни Air Astana-ның 50 әуе кемесі Ирландияда тіркелген. Азаматтық авиация конвенциясының 17 бап талаптары бойынша Air Astana Қазақстан компаниясы емес, ол Ирландия әуе компаниясы. Біз бюджеттен миллиардтаған субсидианы Қазақстан компаниясына емес, Ирландия компаниясына бөлеміз, әріптестер! Ал конвенцияның 18 бабы бойынша екі тіркеуге тыйым салынған. Ол екі ел азаматтық сияқты. Сондай-ақ, Кейптаун конвенциясының «Жылжымалы құрылғыға халықаралық кепілдік бойынша» 20 бабында белгілі бір елде тіркеу келесі елдің келісімімен жүзеге асады делінген. Менің сұрағым, біздің Үкімет әуе кемелерін Ирландияда тіркеуге рұқсат берген бе? Жауап бар. 2012 жылы біздің Үкімет Air Astana барлық әуе кемелерін Ирландияда тіркеуге құжаттардың барлығына қол қойған. Air Astana Ирландия компаниясы болса, біз неге миллиардтаған ақша жұмсаймыз?» -дейді депутат.
Сондай-ақ ол лизингтік әуе компанияларына салық Ирландияда -1,25 пайыз болғаны бізге тиімжі, бірақ қандай да бір жағдай болса әуе кемелер Ирландияда қалуы мүмкін деген қауіп бар екенін айтты.
Air Astana-ның монополиялық жағдайына байланысты осы кезге дейін сапалы әуе қызметін пайдалана алмай отырмыз деп шағымданған депутат Абзал Құспан кемшіліктерді саусақпен санап берді.
«Тұтынушылардың құқығы бұзылады, бір. Кешігеді, екі. Рейстерін "отменить" етіп тастайды, үш. Бірақ бұл үшін ешқандай жауапкершілік жоқ бұл компанияға», -деген депутат Air Astana-ның монополиялық жағдайы қашан шешілетінін сұрады.
«Мұндай кешігулер басқа елдерде де бар»
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев ұшақ рейсінің кешігуі қалыпты жағдай, барлық елде солай екенін айтты.
«Әлемде "регулярность полета" деген болады. Биыл 23 пайыз ұшақ кешіккен, 77 пайызы уақытылы ұшты. Дәл осындай индикатор басқа елдерде де бар», -деген министр биылға ұшақ рейстерінің кешігуі елдегі бірнеше әуежайларда ұшу алаңдарындағы жөндеу жұмыстарына байланысты деген уәж айтты.
Депутаттар Air Astana-ға қарасты FlyArystan компаниясы туралы да мәселе көтерді.
«Еуропада лоукостерлердегі билеттің орташа құны 20 еуро, ал бізде FlyArystan лоукостеріне бүгін билет қарадым, Түркістанға 60 мың теңге, Қызылордаға 50 мың теңге. Бұл қалай лоукостер болады?! Негізі бұл екі компания (Air Astana мен FlyArystan, ред.) бір компания, бір заңды тұлға, бір транспорт», -деді мәжілісмен Мұрат Әбенов.
Депутат Жұлдыз Досбергенқызы Питер Фостерге өз сауалын жолдады:
«Біз 7 шақырылым «Жаңа Қазақстан»депутаттық тобы болып тұрған кезде, Самұрық-Қазынаның басшылығы бар, шақырып, сіздерге ұсыныс айтқан болатынбыз. Ол ұсыныстың негізі қазақтілді контент бойынша еді. Қазіргі таңда балалардың контенті, аудиокітаптардың контенті, сонымен қатар қазақ фильмдері, деректі фильмдер қазақ тілінде сапалы контенттер жасалып жатыр. Біз Air Astana-мен алыс шетелге барсақ та, тіпті Алматыға дейін жүрсек те, сіздердегі контент сол талапқа сәйкес келмейді. Жеңіл-желпі немесе шетелдік контент. Соған байланысты, біздің ақпаратқа және сапалы контентке қолжетімділік мәселесіне көңіл бөліп, балалардың жас ерекшеліктерінің аясында қандай контент бар, сол контентті жүктеп қоюларыңызды қайтадан сұраймыз?» -деді Жұлдыз Досбергенқызы.
Айта кетейік, wikipedia мәліметі бойынша Air Astana әуекомпаниясы "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының (51 %) және британдық BAE Systems PLC компаниясының (49%) бірлескен кәсіпорны ретінде құрылып, 2002 жылғы 15 мамырда коммерциялық рейстерді орындай бастады.
2024 жылғы ақпанда компания Қазақстан және Лондон қор биржаларында Қос листинг алды. Бұл Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең ірі әуекомпания, Қазақстаннан ішкі және өңірішілік маршруттарда нарықтың 69% және 40% -алады.
Балжан Жеңісқызы