30 қаз, 2020 сағат 08:18

Фируза Шарипова бүгін Мәскеуде сербиялық Сара Марьяновичпен айқасады

Бүгін, 30 қазанда Мәскеуде өтетін кәсіби бокс кешіне қазақстандық боксшы Фируза Шарипова (11-1, 6 КО) қатысады, деп хабарлайды Sports.kz сайты.

Шарипова Сербия боксшы Сара Марьяновичпен (7-7, 3 КО) жекпе-жекке шығады. Жеңіл салмақтағы айқас екі минуттан болатын сегіз раундқа есептелген. Тікелей көрсетілімді «Qazsport»телеарнасы мен SHAMO BOXING Youtube-арнасынан тамашалауға болады. Басталуы – Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-де. 

Фируза Шарипова өзінің соңғы айқасын тамыз айында өткізген еді. Ол бесінші раундта танзаниялық боксшы Хэппи Даудиді (9-7-1, 4 КО) нокаутқа жіберген. Сара Марьяновичтің соңғы жекпе-жегіне келсек, ол қыркүйек айында төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен отандасы Невена Матовичтен басым түскен еді (0-1).

Айта кетсек, Мәскеудегі бокс кешінің хедлайнерлері – ресейлік боксшылар Шәміл Хатаев (4-0, 1 КО) пен Грачья Маргарян (7-1-1, 5 КО). Олар орта салмақта WBA Asia чемпионы титулы үшін айқасады.