WhatsApp мессенджерінде қазақстандықтар Tengrinews.kz жаңалықтар порталынан түсірілген скриншотты таратуда. Суретте 20 қыркүйектен бастап еліміздің барлық оқушылары мен студенттері онлайн режимде оқуға көшетіні туралы жаңалық көрсетілген. Бұл - өтірік, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Шын мәнінде, таратылған сурет графикалық редакторларда өңделген. Қашықтан оқыту форматына көшу туралы хабарламадағы қаріп жаңалықтар порталында қолданылатын қаріппен ерекшеленеді. Сонымен қатар, хабарламада стилистикалық қателер бар. Tengrinews порталында жарияланған түпнұсқа ақпаратта ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіндегі валюта бағамының өзгеруі туралы ғана айтылады. Мақалада оқушылар мен студенттерді оқыту форматының өзгеруі туралы ескертулер жоқ.
Онлайн оқыту форматына көшу туралы ақпаратты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де жоққа шығарды.
– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Балалар офлайн режимде оқуда және оқуын жалғастырады. Егер сыныпта коронавирустық инфекция жұқтырған оқушы анықталса, онда тек осы сынып қана екі апталық карантинге жіберіледі. Мектептегі қалған барлық оқушылар оқуын дәстүрлі форматта жалғастырады, – деп түсіндірді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Демек, қашықтан оқытуға көшу туралы хабарламалар фейк, ал скриншот қолдан жасалған. Биыл 15 қыркүйекте Tengrinews порталы оқушылар мен студенттер үшін оқыту форматының ауысқаны туралы хабарлама жариялаған жоқ.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасын немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз.