06 ақп, 2019 сағат 15:58

Facebook-тен бас тартқандардың саяси сауаты төмендейді - ғалымдар

Биыл 15 жылдығын атап өткен Facebook адамның күнделікті өмірі мен коммуникациясын өзгерткені белгілі. Дегенмен, бұл әлеуметтік желіден бас тартсақ не болады? Америкалық ғалымдар көлемді зерттеу жүргізіп, осы сұрақтың жауабын іздеген екен.  

«2,3 млрд белсенді пайдаланушысы бар Facebook әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі. 2,3 млрд дегеніміз  - әлем халқының шамамен үштен біріне тең келеді. Орташа есеппен әр адам Facebook пен оған тиесілі Instagram мен Messenger -де күніне 50 минут уақытын өткізеді», деп жазады The Guardian басылымы.

Ғалымдардың жүргізген зерттеуіне қатысқан 1,2 мың адам Facebook аккаунтын 1 жылға өшіру үшін 1-2 мың доллар төлем алуға келіскен. Ал Стэнфорд пен Нью-Йорк университетінің ғалымдары сондай-ақ аккаунттарын бір айға өшіруге дайын 2844 адамды тапқан.

«Зерттеуге қатысқандардың барлығы 18 жастан асқандар. Олар Facebook әлеуметтік желісінде ең кемі он бес минут уақыт өткізіп жүрген. Зерттеу басталмас бұрын қатысушылар сауалнама толтырып, саяси көзқарасы, күнделікті өмірі мен өзінің көңіл-күйі туралы мәліметтер берген», деп жазады басылым.

Нәтижесінде белгілі болғандай, Facebook-тен бас тартқан адамдардың саяси сауаты төмендеген. Бұл Facebook-тің көбіне ақпарат көзі ретінде қолданылатынын көрсетсе керек. Сонымен қатар қатысушылар Facebook жоқта ақпарат алу үшін газет бетін ашпаған.

«Қатысушыларда күніне бір сағат бос уақыт пайда болды. Ал Facebook-те белсенді адамдарда бұл көрсеткіш одан да көп. Қатысушылар офлайнда отбасымен, достарымен көп уақыт өткізген. Зерттеу нәтижелеріне сенсек, Facebook-тен бас тарту адамның көңіл-күйіне жақсы әсер еткен. Ал зерттеу біткен соң қатысушылар Фейсбукті енді сирек қолданатындарын айтқан. Дегенмен, бір аптадан соң қатысушылардың 10%-ы әлеуметтік желіге кірмесе, екі айдан соң бұл көрсеткіш 5%-ды құраған», деп жазады автор.