Facebook сервистерінің істен шығуына техникалық ақау себеп болды, деп хабарлады компания. Инженерлердің айтуынша, Facebook дата-орталықтары арасындағы желі трафигін үйлестіруге жауап беретін магистралды маршруттарды өзгерту кезінде ақау шыққан.
"Желі трафигінің істен шығуы мәліметтерді өңдеу орталықтарымен байланыс жолдарына әсер етіп, соның салдарынан біздің қызметтің жұмысы тоқтады", - делінген мәлімдемеде.
Facebook өкілдері қолданушылардан кешірім сұрады.
Бүкіл әлемді қамтыған ақау кезінде АҚШ биржаларындағы басты индекстер құлдырады. Атап айтқанда, NASDAQ 2 пайызға түскен. Facebook корпорацияларының акциялары 5 пайыз арзандаған.
Bloomberg мәліметінше, Марк Цукерберг акциялардың құлдырауынан 6 миллиард доллар таза капиталын жоғалтқан.
Facebook, Instagram, сонымен бірге Facebook Messenger және WhatsApp мессенджерлері 4 қазанда кешке істемей қалды. Әлеуметтік желілер сейсенбіге қараған түні қайтадан іске қосыла бастады.
Facebook компаниясының Workplace секілді жұмыс платформалары да істемей қалған. Соның салдарынан қызметкерлердің бірқатары кеңсеге кіре алмаған, өйткені олардың электронды өткізу құжаттары да істен шыққан.