05 қаз, 2021 сағат 23:45

Facebook компаниясы әлеуметтік желілердегі ақаудан 50 млрд доллар жоғалтты


Facebook басшысы Марк Цукерберг Facebook, Instagram, WhatsApp және Messenger жұмысындағы ақауларға қатысты кешірім сұрады. Бұған желі қолданушыларының реакциясы әртүрлі болды. Кейбір адамдар Цукербегтің кешіріміне сенбесе, екіншілері оны келемеждеді. Әлеужелілер ақауынан ләззат алғандар да табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Dailymail-ге сілтеме жасап.

«Facebook, Instagram, WhatsApp пен Messenger қазіргі кезде қайта іске қосылды. Бүгінгі жағдай бойынша кешірім сұраймын. Біздің серверлердің сіздер үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз», - деді Цукерберг.

Бұл техникалық ақау салдарынан Цукербергтің дәулеті 7 миллиард долларға кеміген. 

Компанияның хабарлауынша, ақау жаңарту салдарынан болған. Қателіктері бар жаңарту негізгі серверлерге жіберілген. Салдарынан электронды инженерлік құралдар мен ақпарат алмасатын сервистер зақымданып, тіпті есіктердегі электронды кұлыптар істен шыққан.

Инженерлер серверлерді қолмен ретке келтіру үшін деректерді сақтау және өңдеу орталықтарына барған, алайда ішіне кіре алмаған. Мәселе инженерлердің компанияның инфрақұрылымымен жүргізген алты сағаттық арпалысынан кейін барып шешілді. 

Инсайдердің ақпаратына сай, компанияның көптеген қызметкері әлі де үйден жұмыс істеп отыр. Сол себепті олардың орталықтарға жетуі біраз уақыт алған.

Осы орайда Facebook компаниясының акциялары бес пайызға төмендеді. Миллиондаған қолданушы Reddit пен Twitter-ге көшті.

Дүйсенбі күні компания деректерді сақтау және өңдеу орталықтары арасындағы желілік трафикті үйлестіретін негізгі бағдарлауыштар конфигурациясындағы өзгерістің аталған жағдайға себепші болғанын түсіндірді.

Орталықтар арасындағы сатылы эффект салдарынан серверлер жұмысы тоқтаған.

Ақау компания серверлерін қолмен ретке келтіру арқылы жөнделді.

Кеше, дүйсенбі күні компания өзінің Twitter аккаунтында жұмыстары Facebook компаниясымен байланысты әлемдегі барлық адамдар мен бизнестен кешірім сұрады.

Сонымен қатар Facebook компаниясының бас техникалық директоры кешірім сұрады. Компания осы жағдайдан 50 миллиард доллар жоғалтқан.