08 жел, 2022 сағат 14:51

Ежелгі тарихтың ескерілмеген парағы


Жақында Алматыдағы «Аbai baspasy» Зәріпбай Ораз­бай әзірлеген «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» атты жи­нақты жариялады. Ол Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» (1730) деп аталатын шағатай қарпіндегі қол­жазбасы негізінде даярланған. Онда Шың­ғыс ханның (қолжазбада – Шыңғыз) ең сенімді қолбасшысының бірі Ноқта (кей деректе Бұқыршын) ноян мен оның ағасы Орақты ұрпақтарының XVIII ғасырдың басына дейінгі тарихы баяндалған. 

Аталған кітаптағы түркілер мен Шыңғыс ханға қатысты мәліметтер Ра­шид ад-дин Фа­зуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» (1316) және Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафарнама» (1425) еңбектеріндегі деректерге сәйкес ке­леді. Жинаққа Бекасыл әулиенің «Зикзал» мұрасы туралы деректер мен Мәшһүр Жүсіптің естеліктері, сондай-ақ академик Ғарифолла Есімнің «Шыңғыз хан туралы тосын пікір» атты мақаласы енген. «Ұлы тарих және Ұлы әулие­лер» көне заманнан осы күнге дейінгі ел тарихын дұрыс байыптауға жәрдемін тигізеді.

7 желтоқсан күні сағ. 15.00-де елордадағы Академиялық кітапханада көне тарихтан мағлұмат беретін «Ұлы тарих және Ұлы әу­лиелер» атты жинақтың тұсаукесері өтеді.

Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» атты кітабының 1-бө­лімінде адамзаттың жара­тылған дәуірі, Ыдрыс (ғ.а.с.) пен Нұқ (ғ.а.с.) пайғамбарлардың та­­рихы, түркі тайпаларының пайда болуы, олардың алғашқы мекендеген аймақтары, ондағы жер-су атауларының (Талас, Шу, Балқаш, т.б.) негізі, тайпа-ру атына айналған адамдардың мәліметі, олардың ұрпақтары, Еуразия кеңістігіне қалай тара­ғаны, ұлттарға бөлінгені туралы баға жетпес деректер кел­тірілген. Мұра мазмұнында Нұқ пайғамбар топан судан кейін Туран деген атауға ие болған жер­лерді Йафас атты ұлының еншісіне береді. Оның алғашқы қонысы – Кур тау (Қара тау). Йафастың Түрік, Хазар, Сақлаб, Рус, Мешек, Чин, Қамар, Кимал (Тибит) атты тоғыз ұл туады. Йафас би­леуші болған кезде, оның есіміне «билеуші-патша» ұғымын аңғартатын «қа­ған» деген сөзді тіркеп атайтын. Түрік те, оның ұрпақ­та­рынан шыққан Қырқыз (Қыр­ғыз), Жа­лайыр, Найман, Арғын сияқ­ты ұлықтар да «қа­ған/ хан» деген дәрежеге ие болған делі­неді.

Түріктен Әлінжа, Түтік, Ше­гіл, Бер­сен­жар, Емлақ, Тарпақ, Тур деген ұлдар та­райды (кітапта олардың 4-буынына дейінгі ше­жіресі бар). Олардың ішінде ха­лыққа таныс Қырқыз (Қырғыз), Жалайыр, Қордай, Албан, Құлан, Найман, Нәдүліш, Арғын, Туба, Буйрат, Байқал, Жақут, Таңқұт, Шанқұт, Ұранқай, Қатун, Ашина (олар екеу: біріншісі – Қаңқадан, екіншісі Шыршық әулетінен тарайды), Қотан, Қашғар, Тәрім, Чақмақ (Шақпақ), Әріс (Арыс), Дула, Афрасияб, Әнкүрән, Шым­ған, Шымбай, Шыршық, Си­­рили (Сіргелі), Чанчқули (Ша­ныш­қылы) т.б. тайпа-рулар­дың, то­понимдердің атауы ұшы­расады.

Кітаптағы дерегінде Йафас­тың ұр­пақтары 5-буынға жеткенде мейлінше көбейіп, бас­тапқы мекендеген аймағы тір­шілігі үшін тарлық қылады. Сон­дықтан Түрік әулетін Кур тау­ға қалдырып, кейінгі ұлдарын әулетімен қоса басқа аймаққа қоныс аудартуды ұйғарады.

Түрік 240 жыл өмір сүрген («Түрік – лақап аты, түбірі араб­тың «ақылды, дана, данышпан» ұғымын береді; Түрік Сай­рамда өліп, сол жерге қойылды. Сай­рам – Түріктің Тур деген кенже ұлы­ның лақап есімі» де­лінгін қолжазбада), осы уақыт ара­лы­ғында оның бірнеше ұр­пағы дүниеге келіп, өсіп-өніп көптеген ұрыққа (атаға) бөлініп, бөлек өмір сүре бас­тайды. Сондықтан ол кенже ұлы Тур­ды оңтүстікке қалдырып, одан соң Алын­жаның Дебақуй, Дип Жақый, Қаңқа деген ұлдарынан тараған ұрпақтарын Кур таудан (Қара таудан) Таласқа дейін және одан әрі Шу өзенінің аралықтарындағы аймақтарына қоныстандырады. Қалған Түтік, Шегіл, Берсенжар, Емлақ деген ұл­дары мен олардан тараған ұрпақтарын басқа аймақтарға орналастыру үшін ұлы көшті бастайды. Ол көшірмек бол­ған­да, өзен жағалауындағы отырған ұр­пағы орныққан жерінен кет­кісі келмей, біршама таласты («Та­лас» топонимінің негізі) дейді.

Оның көші алғашында өзен­нен (Шу) өтіп, оның солтүс­тігінде көлденең жатқан тауға кез­деседі. Одан өткен кезде бір үлкен көлге (Балқаш) шығады. Сол жерде Түріктің Балқаш атты қызы жолбарыстан үркіген өгізден құлап, мерт болады. Со­дан есте қалсын деп, көлге Бал­қаш атауы берілген деседі.

Олар шығысқа қарай жүрген кезде, көлге келіп құйып жатқан бір өзенге тап болады. Ол өзен­нен өтер кезде Қордайдың Или деген әйелі суға тұншығып қай­тады. Оны өзеннің бергі бетіне жерлейді. Сонда Қордай сүйікті әйелінің бейітін айдалаға жалғыз тастап кеткісі келмей, Түрік атасынан сол жерде қалуға рұқсат алады. Өзенге Или (Iле) деген атау береді (Iленің оң жағалауына Шегілдің Албан деген перзенті қоныс тебеді).

Ұлы көш содан соң шығысқа қарай жүріп отырып, көлденең жатқан аса бір биік тауға тіре­леді. Түрік ата оңтүстік пен сол­түстік тараптағы аймақтарға ба­рып қайтқан уақыт аралығында оның Жалайыр (шын аты – Көк­жал) атты не­ме­ресі биік тау­дың (Алтай) басына шығып, көп жерін аралап, оның әсем таби­ғатын ұнатып қалады. Сол Түрік атасынан мол аймақты қоныс ретінде еншілеп алады. Сонда Жалайырдың інілері Албан мен Құлан және олардың әкесі Шегіл Жалайырмен қалғылары келе­тінін айтады. Түрік бұл өтінішті қабыл алып, оларға сол таудан (Алтайдан) Қордай қалған өзенге дейін жерлерді береді. Олар алғашында аталған тау мен сол таудың етегіндегі өзеннің бойына қоныстанады. Сол жерде Жалайырдың бір жасар баласы Түріктің саусағын тістеп алады. Сонда Түрік: «Мы­на бала өзі сәби болса да, тісі ере­секті­кіндей екен» депті, содан «Ертіс» боп кете барды дейді әпсанада (гидроним төркіні).

Түрік ата сол жерде қыстап қалады. Сол жылы қыс өте қатты болып, адамдар күйзеліске ұшы­райды. Ол кезге дейін адамдар отты құрғақ ағаштарды бір-біріне ысқылап жүріп алады екен. Күн қатты суып кеткен кезде, Берсенжардың ұлы Нә­дүліш құрғақ ағаш іздеп жүріп қатты ызаланады да, бір тасты екінші тасқа ұрып, от шығарып алады. Мұның шарапаты – адамзатқа от келеді.

Көктемнің ортасы ауған кезде Түрік қалған балаларын жинап алып, солтүстікке қарай тауды жағалап жолға шығады. Ақ сулы өзенге жетеді. Найманның анасы мен Жалайырдың анасы туған апалы-сіңлілі екен, алғашқысы өзеннен әрі асып кеткісі келмейді. Оның бауырлары Нәдүліш, Арғұн (Арғын), Туба, сосын олар­дың әкесі Берсенжар да Най­ман қалған аймақта орнығуға Тү­ріктен рұқсат сұрайды. Өті­ніш қанағаттандырылып, Бер­сенжарға «Ұрпақтарың осы тұс­тан батысқа қарай қоныстана берсін!» деп, нұсқау береді де, қалған ұрпағын ертіп әлгі ақ сулы (Берел) өзеннен өтіп, әрі кетеді. Берсенжар болса атасының айт­қанын орындап Нәділүш, Арғун, Ту­баны батыс жаққа кезек-ке­зегімен орналастырды.

Ақ сулы (Берел) өзеннен өт­кеннен соң Жалайыр мен Най­манның нағашысы – Қырқыз (Қырғыз) өз қарындастарынан алыс кетуді қаламады. Сөйтіп, ол да өті­ніш айтып, ақ сулы өзеннен кейінгі ай­маққа қоныстануға рұқсат алды.

Түрік атамыз қалған ұрпақ­тарын ертіп шығысқа қарай жүрді де, тағы бір өзенге келген кезде, ол аймақтарға Түтіктің Жалан мен Қам деген балаларын қоныстандырды. Бұлар Қыр­қыздан алыс кеткен жоқ. Өзі туып-өскен жерлерінің атын ұмытпау үшін қоныстанған өңірі мен су ішкен өзеніне Шу деп ат қойды.

Содан соң Түрік атамыз қал­ған ұр­пақтарын ертіп тағы да шығыс тарапқа жол тартты. Сол кезде Түтік «өзі перзен­тімнен тым алыс кетпейін» деп, әкесінен сол жерде қалдыруды өтінеді. Түрік өтінішті қабыл алып, баласы Селенкеймен бірге қалдырып, өзі әрі қарай кетеді. Содан барып Емлақ деген ұлын, оның Буйрат, Байқал, Жақут, Сайын деген балаларын ертіп алып, шығыс тарапқа барлығын рет-ретімен қоныстандырады.

Содан соң Түрік ата кері қайтып, Жалайырды қоныстандырған таудың шығыс тарапына келіп, оңтүстікке қарай жүреді. Содан ол таудың оңтүстігіне дейін барып, Тарпақ деген ұлы мен оның бар­лық баласын сол аймаққа отырғызады. Өзі нөкерлерімен бірге Жалайырдың қонысына қайта келеді.

Сонда санап қараса, Шу өңірінен ұлы көшті бастап шыққаннан бері он екі жыл өтіпті. Түрік атамыз уақыт пен дәуір өлшемдері мен оның санын анық жүйеге салып, былай дейді: «Аспандағы Бұржылардың саны он екі, жердегі соған мүшел, яғни тұспал жылдардың саны да он екі, яғни бір мүшел жылында он екі жыл бар, олардың әрбірінің мөлшері он екі ай». Сол он екі жылды «бір дәуір жылы» деп қабылдайды (Мысалы, «он дәуір жылы өтті» десек, онда «120 жыл өтті» дегенді білдіреді). Сосын бұл 12 мү­шел жылын бір-бірінен ажырату үшін әр­қай­сысына бір жануар-мақұлық атауын береді.

Түрік атамыздың осы өсиетіне байланысты ұрпағы жыл санауда «мүшел жылын», ал дәуірді өлшеуде «дәуір жылы» есебін қолданатын болыпты. Бұл дәуір жылының есебі, Шыңғыз ханның алғашқы нөкерлерінің бірі Құшық ноянның айтуынша, ұлы қағанның билік дәуіріне дейін (XIII ғ.) үзілмей, яғни 335 дәуір жылы (335 х 12= 4020 жыл) бойы жалғасып келген.

Жоғарыда аталған деректерден шыға­тын қорытынды: түркілер – жер бетін­­дегі ең көне халықтың бірі, олар бұдан 5 мың жыл бұрын (жоғарыда көрсетілген 4020 жылға Йафас пен Түріктің жасаған жасын қосқан кезде) қазіргі Қазақстан жерінде пайда болып, бүгін Еуразия аталатын аса үлкен кеңістікке тараған.

Ақтан сопы Құтбтың кітабында көр­шілес Қырқыз (Қырғыз) бен Най­манның малы араласып кетіп, оларды ажырата алмауынан туған дауды Түріктің қалай шешкені баяндалады: «Сонда Түрік атамыз өзіне әкесі жасап берген тамғаны көрсетіп – әр бір әулет өзіне осындай тамға жасап алсын да, малдары мен шекараларына соның белгісін тамғаласын. Сонда әркім өзінің шекарасы мен малын оңай ажырата алады. Халық көбейген сайы­н дау­ласу да көбейіп кетер. Бұл туралы басқа ұрпақтар да құлақтансын».

Аталған кітапта Идрис пайғамбар тура­лы өте құнды деректер келтірілген. «Түрік пен Жалайыр Үш басты тауға (Алтайдағы Мұз тауға) барады. Сол жерде Түрік таудың кескінін төмендегі көлден көріп: «Бұл Үш басты тау маған Идрис пайғамбардың Мысырда тұрғызған Үш сумерін есіме түсіріп тұрғандай» дейді. Жалайыр олар туралы сұраған кезде Түрік былай деп жауап қатады: «Топан суынан да, Нұқ пайғамбардан да бұрын өткен Идрис пайғамбар жұлдыздар ілімін зерттеуге қажет болғандықтан, Мысыр (Египет) жерінде расытхана (обсерватория) ретінде үш үлкен ахрам (пирамида) тұрғызды. Олардың ішіне зерттеген жұмыстарының қорытындысын «сумер» жазуларымен жазған-тұғын. Ол жазуларды тек Идрис пайғамбар және Нұқ пайғамбар мен оның үш ұлы ғана оқып түсінеді. Ал олардан кейін­гілерге ол жазулардағы ілім­дерді ғана үйретіп, жазудың өзін үйрет­пеген. Ол үш ахрамның орналасуы мына таудың үш шыңының орналасуына дәлме-дәл сай келеді екен, яғни олар Шакарчи (Орионның) орналасуына дәл сай келіп тұр. Оның кескіні сенің тамғаңа меңзегенін мен сенің талайының бақ-дәулет аңшысына меңзеп тұрғаны деп түсіндім...Лайым Алла Тағала бұл меңзеуді жарыққа шығарсын». Осыдан кейін Жалайыр бұл тауды «Үш сумер» деп атады да, оның көл бетіндегі кескінін өзінің тамғасына үш ұшты тарақ түрінде бейнеледі».

Рас, тамға туралы деректер адамзат тарихында ерекше орын алады. Осы күнге дейінгі барлық соғыс жер мен қойнауындағы байлық үшін болғаны белгілі. Сонымен қатар Идрис пайғамбар қолданған «сумер» жазуы туралы дерек, Олжас Сүлейменов дәлелдеген «шумер» жазуы екені даусыз.

Ақтан сопының кітабында Ұранқай батырдың тарихы да жазылған. Оның асқан баһадүр болғаны, Албанның ұрпақтарынан тараған бір әулеттің Қатун есімді сұлуына үйленгені, кейіннен оның аты бір өзенге бергені, тоғыз ұлы мен бес қызы болғаны, әйелі жолбарыстың жүрегіне жерік боп, жолбарыс іздеп Буйрат пен Қырқыздың (Қырғыздың) ұрпақтары тұратын аймақтарға барғаны, бірнеше ұлын Буйрат пен Қырқыздың (Қырғыздың) ұрпағына үйлендіріп, өз қыздарын соларға ұзатып, өніп-өседі. Кітапта түркі жұртының шетінен батыр және мерген орман ұранқайлары туралы айтылып, содан Субтай (Сүбетай) баһадүрдің шыққаны баяндалады. Ол Шыңғыз ханның сенімді әрі биік дәрежелі қолбасшысы болғаны Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихында» жа­зылған. Осында ұранқай мен орман ұран­қайларының мыңдықтары Шыңғыз хан­­ның Бұрхан-Қалдұндағы «Ұлы қоры­ғын» қорғағаны, аңшылықпен айналысып, шана мен шаңғыны пайдаланғаны айтылған.

«Жамиғ ат-тауарихта» былай делінген: «1224 жылы Шыңғыз хан Iле өзенін оң жағалауындағы Бұқа шыжық деген жерде Үлкен Құрылтай өткізіп, онда Хо­резмшахты жеңгенін тойлайды. Пер­зенттері мен жақын туыстарына енші бөліп беріп, әскерінің бір бөлігін оларға үлестіреді. Әскер басшыларына молынан сыйлық береді. Солардың ішінде ең жоғарғы арнайы дәреже Ноқта (Бұқыршын) ноянға тиеді. Ол туралы Шыңғыз хан: «Бұқыршынның дәрежесі тек ханнан ғана төмен, сондықтан оның ұрпағы мен жақын туысы тархан болады!» деген» (171-бет).

Дәреже беру кезегі Ноқтаның туған ағасы Орақтыға келгенде, Шыңғыз хан: «Ей, Орақты, сенің де атқарған қызметтерің орасан. Сұрағаныңды берейін» дейді. Сонда ноян: «Әлемнің билеушісі, маған Ноқтаның ағасы деген дәреже жетеді!» дейді. Тапқыр сөзге риза болған қаған: «Ендеше дәрежең Ноқта ағасы болсын» дейді. Міне, тарихқа Орақтының дәрежесі «Ноқта ағасы» болып енген. Мұны Орақ­тының тікелей ұрпағы - Ақтан сопы Құтб осы қолжазбада айтады.

Аталған мұра дерекке толы. Төленің ұлы Құблай қаған таққа отырған соң (1260) Шыңғыз ханның астанасындағы Арықбұқаны жеңіп (1264), империя кіндігін Кайфинфуға (Қытай) көшіреді. Қайду хан оған қарсы шығады. Оның пікірінше, астана Қытайға көшірілсе, иелігіндегі мемлекеттер мен аумақтар түгелдей Қытайға бағынады әрі солар­дың аумағы болып бекітіліп кетуі мүм­кін. Сондықтан Қайду хан Құблай қағанға қарсы соғысқа әскер жинайды. Тар­бағатай мен Емілдегі Орақты ноянның ұрпақтарына барып, басқа да Жалайыр басшыларымен келісіп, атойлайды. Олар Қайду жақтаған Барақ пен Абақа ханның соғысына да (1270), Құблай қаған мен Қайду ханмен одақтас болған Барақ ханның ұлы Дуа ханның арасындағы соғысқа (1275) да қатысты. Сол ұзаққа созылған соғыс салдарынан көп шығынға ұшырайды, әскермен бірге отбасылары көшіп-қонып жүреді. Қайду қайтыс болғаннан соң (1302) Шаш, Шу өңірі мен Йассы, Самарқанды мекендейді.

«Біздің тарихымыз» аталатын қол­жазба соңында бұл еңбек Шыңғыз ханның ұлы Шағатайға уәзір болған Құшық тұсында басталып, оның өсиетіне сәйкес әр дәуірде толықтырылып, Ақтан сопы Құтб пен оның осы күнгі ұрпағына жет­кені жазылған.

Ержан Исақұлов,

саяси ғылымдар докторы,

мұратанушы-профессор