Журналист даярлау үдерісіне «авторлық білім бағдарламаларын» енгізуіміз керек. Бұл туралы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір әлем журналистік білімге жаңа көзқарастың қажеттігін сезіне бастады. Бұл неден туындайды? Әрине, ақпарат технологияларының дамуы бір басқа, адамдардың қабылдау ерекшелігі де мүлдем өзгерді. Біріңіз жаһандану, біріңіз ғаламдану деп жүрген үдеріс өмірдің бар саласына жаңалықтар алып келіп жатыр. Осы өзгерістің басында ақпарат немесе журналистика жүрері сөзсіз. Өз басым университет басшысы ретінде ғана емес, елдегі ақпарат жүйесіне, ашық БАҚ алаңдарына шығып жүрген азамат ретінде бүгінгі журналистика мен ақпараттық білімге бейжай қарай алмаймын», - деді Е. Сыдықов онлайн-форматта «Қазақстан Республикасындағы журналистика деңгейі» тақырыбында өткен талқылау барысында.
Осы орайда ол тиісті ұсыныстарын ортаға салды.
«Біріншіден, қазір Қазақстан университеттері автономияға қарай қадам басып, өзіндік білім бағдарламаларын жасауға мүмкіндік алды. Осыны пайдаланып, журналист даярлау үдерісіне «авторлық білім бағдарламаларын» енгізуіміз керек. Таяуда Білім және ғылым министрлігі ғылыми дәрежеден гөрі шығармашылық тәжірибені қажет ететін қолданбалы мамандықтар қатарында журналистиканы атады. Біз осы идеяны қолдаймыз. Журналистика факультетіне аты-заты бар, тәжірибесі мол журналистер тартылуы керек. Мысалы, «Сауытбек Абдрахмановтың сыныбы», «Нұртөре Жүсіптің сыныбы», «Жанболат Аупбаевтың сыныбы», «Жарылқап Бейсенбайұлының сыныбы», «Бибігүл Жексембай сыныбы» десе, бұған бүкіл ел, барша журналистер қауымы, әсіресе талапкерлер елең ете қалар еді. Әрине, теориялық білім практика қапталында жүре береді», - деді ректор.