07 жел, 2020 сағат 11:26

Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті Қазақстан авиациясының жетістіктерін атап өтті

Бүгін БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен Халықаралық азаматтық авиация күні аталып өтуде, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

2020 жылы қазақстандық әуе компаниялар 70-тен астам репатриациялық рейстерді орындады, шамамен 11 мың жолаушы тасымалданды. Авиация билігінің, сондай-ақ эвакуацияға қатысқан экипаж мүшелерінің, әуе компания басшылығы мен қызметкерлерінің, жердегі қызметтердің үйлесімді жұмысы мен кәсібилігінің арқасында азаматтар ҚХР-дан (Ухань және Сиань қ.), Ресей, Грузия және басқа елдерден эвакуацияланды. Азаматтық авиация күштері біздің отандастарымызды – Еуропа елдерінен студенттерді, қазақстандық туристерді және шет елдердегі транзиттік азаматтарды елге қайтару жұмыстарын ұйымдастырды. 

55 гуманитарлық рейс (тұрақты және чартерлік) орындалды және 555 тоннадан астам жүк (өкпені жасанды желдендіру аппараттары, маскалар, костюмдер, жедел тесттер, қажетті дәрі-дәрмектер) тасымалданды. Барлық рейстер күшейтілген санитарлық қауіпсіздік жағдайында орындалды.

Коронавирустық пандемияның таралуы және рейстердің тоқтатылуы, саладағы статистикалық көрсеткіштерге теріс әсерін тигізді. Биылғы жылы негізгі көрсеткіштердің төмендеуі байқалады – осы жылдың 10 айында отандық әуе компаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 4,4 млн.адамды құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 38%-ға аз (7,1 млн. жолаушы). Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар мен транзиттік жолаушылар саны бойынша көрсеткіштер де төмендеді. Жалпы әлемде, болжамдарға сәйкес биылғы жылы әлемдік жолаушылар ағыны 60-70% - ға төмендейді деп күтілуде.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) бағалауы бойынша тасымалдау көлемін 2019 жылғы деңгейге дейін толық қалпына келтіру 2023 жылдан ерте болмайды. Сонымен қатар, IATA 2020 жылы жолаушылар ағыны деңгейінің төмендеуінен саланың кіріс шығынын 252 миллиард АҚШ долларына бағалайды. Отандық азаматтық авиация ұйымдарының шығындары шамамен 356,7 млрд теңгені құрайды.

Шығындарды қысқарту және отандық әуе компаниялар мен әуежайлардың банкроттығын болдырмау мақсатында Үкімет салық жеңілдіктердің мемлекеттік қолдау шаралар пакетін қабылдады. Оның ішінде кейбір салықтар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерлемелеріне «0» коэффициентін белгілеу, ұшақтарға импортталатын қосалқы бөлшектер мен резидент еместерді қосылған құн салығынан босату, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы және жер салығынан босату және басқалар. COVID-19 салдарын азайту және авиакәсіпорындарға көмек көрсету жұмыстары жалғасатын болады.

Қазіргі уақытта елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, әуе қатынастарын қалпына келтіру бойынша шаралар кезеңмен қабылдануда. Қазіргі уақытта ішкі тұрақты рейстер толығымен қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 12 елмен (Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Нидерланды, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет, Ресей, Мальдив аралдары) аптасына 52 рейс жиілігімен халықаралық рейстер орындалады. Бұл короновирусқа дейінгі халықаралық тасымалдардың жалпы көлемінің 12%-ын құрайды. Коронавирустың таралуына байланысты жағдай жақсарған сайын рейстерді қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады.

Жаңа қиындықтарға қарамастан, 2020 жылы азаматтық авиация саласы ұшу қауіпсіздігі деңгейін одан әрі жоспарлы арттыру және негізгі мақсаттарға қол жеткізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Өткен жыл сала үшін бірқатар маңызды оқиғалармен ерекшеленді.

2019 жылғы 1 тамызда құрылған Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ұлыбританияның Азаматтық авиация агенттігінің (UK CAA) және EASA моделіне негізделген саланы мемлекеттік реттеудің жаңа тәсілін көрсетеді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары пайдаланушының 43 инспекциялық тексеруін және 8 сертификациясын жүргізді. 6 оператордың қызметі тоқтатылды: Jet Airlines, Jenis Air, Azee Air, Phoenix, Qazaq Helicopters, MS AIR KZ. BekAir, Sigma Airlines әуе компанияларының сертификаттары қайтарып алынды. Авиациялық әкімшілік әуе кемелеріне 240 инспекциялық тексеру жүргізді, 79 азаматтық әуе кемелеріне мемлекеттік тіркеу куәлігі берілді, ұшуға жарамдылық туралы 145 сертификат, 17 авиациялық техникаға техникалық қызмет көресету және жөндеу жөніндегі ұйымның сертификаты берілді. Әуежайларға 15 инспекциялық тексеру, 20 сертификациялау жүргізілді. Авиация персоналына куәлік беру бойынша 2638 мемлекеттік қызмет, авиациялық оқу орталықтарына 13 мемлекеттік қызмет көрсетілді. 3 авиациялық оқу орталығының қызметі тоқтатылды: Bek Air, Ultuga және Sky School. 

2020 жылы Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейін арттыру бойынша жұмыс жалғастырылды. Қазақстан Азаматтық авиацияда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы оқиғалардың алдын алу және оны басқару жөніндегі ынтымақтастық келісімге (CAPSCA) қосылды. Сондай-ақ, Қазақстан Халықаралық авиация үшін көміртегі шығарындыларын өтеу және азайту жүйесінің (CORSIA) мүшесі болды. Бұған Авиациялық әкімшіліктің шығарындылар туралы ИКАО-ға алғашқы баяндамасын ұсынуы себеп болды. Қазіргі уақытта Авиациялық әкімшіліктің қызметкерлері шығарындылар нормаларына сәйкес міндетті есеп беруге дайындалуда. Осы кезеңде инспекторлар 40 nан астам тренингтерге қатысты.

Өткен жылдың маңызды шараларының бірі - Қазақстанның Еуропалық комиссиямен және Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігімен (EASA) өзара әрекеттестігі. Азаматтық авиация комитеті мен Авиациялық әкімшіліктің есебі Ұшу қауіпсіздігі комитетінің отырысында қаралды. Есеп қорытындысы бойынша Еуропалық комиссия бүгінгі күні қазақстандық авиатасымалдаушыларды Еуропалық Одаққа ұшуға тыйым салынған авиатасымалдаушылар тізіміне («қара тізім») енгізуге негіз жоқ деп шешім қабылдады.

Ағымдағы жылдың 2 желтоқсанында Еуропалық Комиссияның авиациялық директоры Филипп Корнелис Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысына жолдаған ресми хатында: «Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті Қазақстанның авиация билігінің ұшу қауіпсіздігі саласындағы анықталған кемшіліктерді жою барысындағы қол жеткізген жетістіктерін атап өтеді. Бұл ұшу қауіпсіздігін қадағалау бағдарламасын күшейту, Авиациялық әкімшіліктің қадағалау қызметіне шолу, техникалық персоналды іріктеу мен оқыту жоспарлары, сапаны басқару жүйесін енгізу бойынша қабылданған шаралар және ұшу қауіпсіздігі саласындағы әлеуетті арттырудағы техникалық дамудың стратегиялық тәсілін қамтиды» деп жазылған. 

Коронавирустық пандемияға дейін іске асырыла басталған маңызды жетістіктердің бірі Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының TSE үш әріптік кодын NQZ-ге өзгерту болды. IATA-ның 2020 жылғы 6 сәуірдегі арнайы хабарламасына сәйкес, елорда әуежайының үш әріптік кодын өзгерту туралы соңғы ресми шешім қабылданды. 2014 жылдан бастап бүкіл әлем бойынша әуежайлардың үш әріптік кодтарын тағайындау және өзгерту ұйымның тәсілдерін өзгерту бойынша IATA басшылығымен және сарапшыларымен үлкен жұмыс жүргізілді. Бүгінде жолаушылар NQZ жаңа кодын билеттерде, багаж биркаларында және ақпараттық таблоларда бақылай алады. 

Институционалдық шаралардан басқа, 2020 жылы әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғастырылды. Еліміздің азаматтық авиациясының қазіргі тарихындағы басты жетістіктердің бірі Түркістанда жаңа әуежайдың салынуы және іске қосылуы болса керек. 30 қарашада Түркістан халықаралық әуежайы алғаш рет аэродромның жарамдылығы сертификатын алды, ал 1 желтоқсанда Түркістан мен Нұр-Сұлтан қалалары арасында алғашқы тұрақты рейс орын алды. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған маңызды өңірлік оқиға. 

Азаматтық авиация саласы биылғы жылғы кездескен қиындықтарға қарамастан, Қазақстанның авиациялық билігі саланы қалпына келтіруге күн сайын күш салуда. 

Алдағы жылдарға арналған дамудың басым бағыты ұшу қауіпсіздігінің деңгейін үнемі арттыру болып қала береді. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі төрт элементті кешенді стратегиялық бағдарламасын іске қосты және жоғары сапалы байланыс және кеңес беру процестерін бастады. Алғашқы екі кездесу әуе компаниялар мен әуежайлармен өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жүйеге қосымша авиациялық субъектілерді қосумен 2021 жылы жалғастырылатын болады. Басты міндет - 2022 жылы күтілетін ИКАО ұшу қауіпсіздігі аудитін сәтті аяқтау. Авиациялық билік орындарының құрылымдық өзгерістеріне байланысты Қазақстан ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкестік деңгейін 80%-ға дейін растауы және жақсартуы тиіс (қазіргі көрсеткіш-74%). Аудитке дайындық басталып кетті - «Көлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленуде.

Сондай-ақ ЕААБ регламентін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде және Еуропалық стратегиялық авиация органы болып табылатын Еуропалық азаматтық авиация конференциясына бақылаушы ретінде қатысу арқылы Қазақстан халықаралық авиациялық жүйенің құнды мүшесіне айналуда..

Ірі және алуан түрлі авиация саласын басқару үшін қажетті IT-инфрақұрылымды құру, қызметкерлерді іріктеу және оқыту жалғастырылуда. Қазақстан Республикасында 788-ден астам әуе кемесі,ал 500-ден астам әуе кемесі шетелде тіркелген және елде пайдаланылады, Қазақстан 20 жетекші авиациялық елдің бірі болып саналады. Жоспарлар жаңа механизмдерді енгізу арқылы іске асырылуда. Мысалы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасында әуе кемелерінің халықаралық тізілімін және кепіл тізілімін құру жоспары. Авиациялық тәуекелдерді бақылаудың халықаралық тетіктері, сондай-ақ авиациялық саланың тәуекелдерін басқарудың және қадағалаудың жаңа тетіктері.

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде әуе көлігі инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғастырылады. Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысы жалғасуда, Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталды, сондай-ақ Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін қайта жаңарту жалғасуда.