17 там, 2020 сағат 01:01

Еуропа лигасы: «Севилья» финалға жолдама алды

Бүгін UEFA Еуропа лигасында финалға шыққан алғашқы команда белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жартылай финалдың алғашқы жұбында Англияның «Манчестер Юнайтед» және Испанияның «Севилья» клубтары кездесті. Кездесуде екі команда да терезесі тең ойын көрсетті. 

Есепті ағылшындық клуб ашты. Ойынның 9-минутында Бруну Фернандеш «Севилья» қақпасына белгіленген пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ал 26-минутта таразы басы теңесті. «Манчестер Юнайтед» қорғаушыларының қателігін испандық футболшы Сусо шебер пайдаланып кетті. Бірінші кезеңде екі клубта да есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Десе де таблодағы есеп сол күйінше өзгеріссіз қалды. 

Екінші кезең қос команданың алма-кезек шабуылымен басталды. «Манчестер Юнайтед» футболшылары бірнеше сәтті мүлт жіберіп алды. Ал 78-минутта «Севилья» ойыншысы Люк де Йонг өзінің командасына жеңіс сыйлады. Қарсыласын 2:1 есебімен жеңген испандық клуб финалға жолдама алды. 

Енді 17 тамызда «Интер» (Италия) мен «Шахтер Донецк» (Украина) командалары кездеседі.