Бүгін UEFA Еуропа лигасы 2020/2021 жылғы кезеңінің алғашқы іріктеу сатысында шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында Румынияның «Ботошани» клубын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетерлігі, биыл жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама жалғыз ойын нәтижесі бойынша анықталады. Кездесу Шымкент қаласындағы Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өткізіледі.
Румыниялық клуб 2001 жылы құрылған. Алғашқы жылдарда өз елінің футболдан чемпионатының екінші лигасында ойын көрсетті. 2013 жылы сол лигада бірінші орын алып, өз тарихында тұңғыш рет жоғары лигаға көтерілді.
Содан бергі уақытта екінші лигаға қайтадан төмен түсіп көрген емес.
Негізінен турнир кестесінде 8-10 орындарды қанағат тұтып келеді. 2015 жылы команда тұңғыш рет Еуропа лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды.
Сол жылы «Ботошани» сегізінші орынды қанағат тұтқан еді. Десе де одан бұрынғы төрт команда UEFA тарапынан берілетін лицензияға қол жеткізе алған жоқ.
Еуропа лигасының 2015/2016 жылғы кезеңінің бірінші іріктеу сатысында «Ботошани» Грузияның «Спартак-Цхинвали» командасымен кездесті. Өз алаңында 1:1 есебімен тең түсіп, сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жетті. Жарыстың екінші сатысында Польшаның «Легиясымен» жолығып, екі ойында 0:1, 0:3 есебімен жеңілді. Содан кейін румыниялық клуб еурокубок додасында биыл бой көрсетіп отыр. Соңғы чемпионатта олар турнир кестесінде төртінші орынға табан тіреген болатын.
«Ботошани» командасында негізінен жергілікті футболшылар ойын көрсетеді. Сондай-ақ, команда құрамында Аргентина, Албания, Грекия, Хорватия, Солтүстік Македония, Австрия елдерінен келген ойыншылар бар.
Айта кетерлігі, «Ордабасы» Еуропа лигасында биыл алтыншы мәрте бақ сынайды. Шымкенттік клуб 2012, 2019 жылдарда жарыстың екінші сатысына дейін жетті.
«Ордабасы» мен «Ботошани» клубтары арасындағы кездесу елорда уақытымен 20.00-де басталады. Ойын «Еларна» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, бүгін жарыстың аталған сатысында Алматының «Қайраты» өз алаңында Арменияның «Ноа» командасын қабылдайды.