01 қыр, 2020 сағат 17:42

Еуропа лигасы: Қазақстандық клубтардың ықтимал қарсыластары анықталды

Биыл UEFA Еуропа лигасында бақ сынайтын қазақстандық клубтардың үшінші іріктеу сатысында кездесуі мүмкін қарсыластары анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елордалық «Астана» екінші іріктеу сатысында Черногорияның «Будучность» командасымен кездеседі. Аталған ойында жеңген жағдайда «Астана» турнирдің келесі сатысында Босния және Герцоговинаның «Сараево» клубымен ойнайды. 

Алматының «Қайраты» үшінші іріктеу сатысында Ресейдің «Ростов» клубымен тартысқа түсуі мүмкін. Ол үшін алматылық ұжым екінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби» (Хайфа) мен Босния және Герцоговинаның «Железничар» клубының жеңімпазын орта жолда қалдыруы тиіс. Айта кетелік, екінші іріктеу сатысындағы «Маккаби» мен «Железничар» арасындағы кездесу қос команда қызметкерлерінде коронавирус инфекциясына шалдығу дерегінің тіркелуіне байланысты 9 қыркүйекке шегерілген еді.

Ал «Қайсар» екінші іріктеу сатысында алдымен Кипрдің АПОЭЛ клубын тізе бүктіруі тиіс. Одан кейін турнирдің келесі сатысында Словенияның «Олимпия» (Любляна) мен Босния және Герцоговинаның «Зриньски» жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады. 

Естеріңізге сала кетелік, Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысы 17, үшінші іріктеу сатысы 24 қыркүйекке белгіленген. Турнирдің іріктеу сатысындағы барлық жеңімпазы тек бір ойын нәтижесі бойынша анықталады.