Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының алғашқы жартылай финалында Англия мен Дания құрамалары кездеседі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Екі құрама бұған дейін 21 мәрте кездесті. Оның 12-де ағылшындар жеңіске жетіп, 4-де даниялықтар басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.
Айта кетерлігі, соңғы екі кездесуде Англия аталған қарсыласын жеңе алмай келеді. 2020/21 жылғы Ұлттар лигасында олар сырт алаңда 0:0 есебімен тең түссе, өз алаңында 1:2 есебімен жол беріп қойды.
Аталған матч Англияның Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионында өткізіледі.
Ойында нидерландылық Данни Маккели бас қазы қызметін атқарады. Оған отандастары Хессел Стегстра мен Ян де Врис көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - румыниялық Овидиу Хацеган.
Ойын елорда уақытымен 23.50-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.