БҰҰ-ның Глазго қаласында (Ұлыбритания) климаттың өзгеруі жөніндегі 26-шы конференциясы (CОР26) барысында Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен Еуропалық Одақтың ормандарды сақтаудың жаһандық міндеттемелеріне қосқан үлесі ретінде 1 миллиард еуро бөлетінін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ЕО бюджетінен бөлінетін 5 жылдық қолдау пакеті Еуропалық Одақтың серіктес елдеріне бүкіл әлемдегі ормандарды қорғауға, қалпына келтіруге және тұрақты басқаруға, сондай-ақ Париж келісімінің ережелерін орындауға көмектеседі.
- Орман – «Жердің жасыл өкпесі». Біз оларды қорғап, қалпына келтіруіміз керек. Мен әлемдік ормандарды қорғауға 1 миллиард еуро бөлуге міндеттенетінімізді қуана жариялаймын. Бұл – ЕО-ның «Жасыл келісімге» сәйкес планетамызды қорғауға бағытталған жаһандық өзгерістерге жетекшілік ету жөніндегі міндеттемесінің белгісі,— деп мәлімдеді У.Ляйен.
Еурокомиссияның халықаралық серіктестік жөніндегі комиссары Ютта Урпилайнен: «ЕО-ның ормандарды тұрақты басқаруға, қалпына келтіруге және қорғауға қосқан үлесі тұрақты өсуге және жұмыс орындарын құруға, климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға және бейімделуге, сондай-ақ серіктес елдерімізде биоәртүрлілікті сақтауға ықпал етеді. Еуропалық Одақ үкіметтермен, азаматтық қоғаммен, жергілікті халықпен және жеке субъектілермен серіктестікте тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және адамдар мен планетаны бірінші орынға қою үшін көпжақты тәсіл аясында жұмыс істейді», - деді.
Еуропалық Одақ өзінің экожүйесі бар ерекше аумақ Конго өзенінің бассейніне ерекше назар аударды. Мәлімделген 1 млрд еуроның 250 млн еуросы көмек пакеті шеңберінде Конго өзені бассейніндегі экологиялық мақсаттарға бағытталады.
Қаржылық міндеттеме – Еуропалық Комиссияның Глазго қаласындағы саммитте халықаралық қоғамдастық қабылдаған Ормандар жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосқан үлесі.