19 қар, 2019 сағат 12:43

Еуро-2020: Қазақстан үшінші орынға көтеріле ала ма?

Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысының соңғы турында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Шотландиямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық футболшылар өз алаңында аталмыш қарсыласын алғашқы турда 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Шотландия құрамасы сол кеткен есені бүгін қайтаруға тырысатыны анық. Бүгінгі кездесудің қос құрама үшін де маңызы зор. Екеуінің біреуі жеңіске жеткен жағдайда үшінші орын сол құрамаға бұйырады.

Шотландия аталмыш іріктеу сатысының алғашқы ойынында Қазақстаннан жеңілгеннен кейін тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Төрт кездесуде жеңіске жетсе, қалғанында Бельгия және Ресей секілді азулы қарсыластарына есе жіберді. Бүгінгі күні 12 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында тұр. Шотландия құрамасы үшін бүгін тең нәтиже тіркелсе де жетіп жатыр. Дегенмен олар жағдайын бұдан да жақсартып алуы үшін барын салатыны анық.

Бүгінгі таңда Шотландия құрамасы сапында көптеген жас футболшылар ел намысын қорғауға мүмкіндік алып келеді. Айта кетерлігі, олардың көпшілігі Англия Премьер-лигасында ойын көрсетеді. Тұманды Альбиондағы аталмыш доп додасы әлемде үздік ретінде бағаланды. Сондықтан олардың шеберлік деңгейін жоғары бағалауға негіз бар. Мұндай футболшылар қатарында «Ливерпуль» намысын қорғайтын Эндрю Робертсон, «Блэкберн Роверс» ойыншысы Чарли Малгрю, «Астон Вилладан» Джон Маклинн, «Саутгемптоннан» Стюарт Армстронг секілді жігіттер өз құрамасын өрге сүйрейді деген сенім бар.

Жанкүйерлер Шотландия құрамасы жайында жақсы біледі. Бұрынғы жылдарда олар әлемдік додаларда жиі бой көрсетіп жататын. Алайда соңғы кезеңде аталмыш құрама әлем және құрлық чемпионаты финалдық кезеңіне шыға алмай келеді. Айталық, олар әлем чемпионатында 2002 жылдан бері бақ сынаудан шет қалып жүрсе, Еуропа үздіктерінің қатарында 2000 жылдан бастап бой көрсеткен жоқ. Дегенмен іріктеу кезеңдерінде өз тобында жолдамаға қол созымда қалып қойып жүрді.

Қазақстан биыл төртінші мәрте Еуропа чемпионаты іріктеу сатысына қатысып отыр. Алғаш 2008 жылы 8 команда арасында 10 ұпай жинап, алтыншы орынға табан тіреген еді. 2012 жылы алты команда арасында 4 ұпаймен бесінші, 2016 жылы алты команда арасында 5 ұпаймен бесінші орын алды. Биыл одан жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Оны бүгінгі ойын барысы таразылайтын болады.

Шотландия және Қазақстан құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 01.45-те басталады. Бұл ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін I тобында Бельгия мен Кипр, Сан-Марино мен Ресей құрамалары кездеседі.