Фото: ЕЭК баспасөз қызметі
Еуразиялық экономикалық комиссияда Жеңістің 80 жылдығына арналған фотокөрме ашылды, деп хабарлайды ЕЭК баспасөз қызметі.
Ол екі бөлімге бөлінген және Ұлы Отан соғысының негізгі кезеңдерін – 1941 жылы фашистік Германияның КСРО-ға басып кіруінен бастап 1945 жылғы Берлиндегі жеңісті шайқастарға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Көрменің негізгі бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік мұрағаттарынан таңдалған алдыңғы шептегі фотосуреттер бар. Заманауи аудиовизуалды эффектілер, қабырғаларға проекцияланған ақ-қара суреттер, көркем жарықтандыру, музыкалық сүйемелдеу – мұның барлығы көрмеге ерекше атмосфера беріп тұр.
Сарғайған ескі газеттер мен сарбаздардың хат жинақтары да көрмеге келушілердің назарын өзіне аударады.
Фото: ЕЭК баспасөз қызметі
"Біз фашизмді жеңу жолындағы әкелеріміздің, аталарымыз бен арғы аталарымыздың батырлығы мен ұлы жауынгерлік ерлігіне зор құрметпен қараймыз. Біздің көрменің әрбір экспонаты ерекше құндылыққа ие, өйткені батырлардың портреттері мен есімдерінің артында олардың қайталанбас ерліктері жатыр", - деді ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынбаев.
Көрменің "Біздің батырлар" деп аталатын екінші бөлігінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ЕЭК қызметкерлері туыстарының 600-ге жуық фотосуреттері қойылған.
Әрбір ардагер туралы мәлімет ашық мұрағат көздері арқылы қосымша зерттелді: өмірбаян анықтамалары жасалып әрі жаңартылды, наградалар мен әскери атақтар туралы мәліметтер қалпына келтірілді.
Көрмені ЕЭК сайтында "Біздің батырлар" бөлімінен көруге болады.