Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бейнеконференция байланыс режимінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кездесуге Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, сондай-ақ қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы мен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшылары, аурухананың бас дәрігері қатысты.
Кездесу кезінде науқастар мен аурухана қызметкерлерін орналастырудың, қауіпсіздіктің санитарлық-эпидемиологиялық шараларын сақтау ахуалы талқыланды.
«Біз қалалық аурухананың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлерін қандай жағдай алаңдататынын, қалыптасқан жағдайды тікелей реттеп, орын алған мәселелерді шешу үшін барлық шараларды қабылдау мақсатында жиналып отырмыз», – деді Ержан Бабақұмаров.
Сондай-ақ, ол аурухана ұжымына жұқтыру жағдайларына қарамастан, сабырлық танытып, жасаған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Онлайн режімде хирургия бөлімінің меңгерушісі Н. Кемелханов, физиотерапия бөлімінің меңгерушісі А. Төреқұлова, неврология бөлімінің меңгерушісі Г. Құсайынова, реанимация бөлімінің меңгерушісі Г. Бердалина, травматолог-дәрігер Г. Егемов пікір білдірді.
Кездесу қорытындысында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров көтерілген мәселелерді шешу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Айта кету керек, Алматыда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 234 жеткен болатын.
Бүгін жедел жәрдем қызметінің тағы 4 қызметкерінің талдауы оң нәтиже көрсетті.