Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қала басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров қалалық инфекциялық және провизорлық ауруханалардың бас дәрігерлерімен видеоконференция режимінде кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оған сондай-ақ Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қатысты. Құзырлы орган басшылары COVID-19 жұқтырған науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
Сондай-ақ ішкі инфекциялық бақылауды күшейту, эпидемияға қарсы режим стандарттарын сақтау және дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Медициналық ұйымдарды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, оны персоналдың дұрыс пайдалануын қадағалау мәселесі сөз болды.
Инфекциялық палаталардағы сүзгі-бокстарының жұмысын ұйымдастыру, мекемелердің бөлмелерді «таза» және инфекцияланған аймақтарға бөлу қағидатын сақтауы, сондай-ақ желдету, бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеуі, қабылдау бөлімшелерінің «3H» (триаж) жүйесінің жұмысын ұйымдастыру және басқа да мәселелер тілге тиек етілді.
Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин медициналық ұйымдар қабылдаған еңбек қауіпсіздігі шаралары бойынша жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасап, баяндады.
Бүгінде Алматыда 1320 орындық 7 жұқпалы стационар жұмыс істейді. Ал провизорлық емдеуге 1164 орындық 12 стационар белгіленді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қоғамдық денсаулық басқармасына медициналық ұйымдар мен карантиндік нысандардағы қорғау режимін қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ал Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстау жүктелді.