05 қыр, 2018 сағат 16:05

Ертең Қазақстан Грузияны жеңу үшін алаңға шығады - Станимир Стоилов

Бейсенбі күні УЕФА Ұлттар лигасы D тобының 1-туры аясында Қазақстан құрамасы Грузияны қабылдайды. Бүгін ұлттық құрама бас бапкері Станимир Стоиловтың ойын қарсаңындағы баспасөз мәслиxаты өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттар лигасы үлкен футбол мерекесіне айналады деп ойлаймын. Ойыншылар барын салып ойнайды. Қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Бірақ ертең жанкүйерлердің көз алдында, ұлттық құрама сапында төсіне елтаңба тағылған жейдемен ойнайды. Ол да ойыншыларға қосымша әсер етеді», - дейді Станимир Стоилов.

Бапкер ертең Қазақстан құрамасы жеңіс үшін алаңға шығатынын айтты.

«Біз топты бірінші орынмен аяқтауға тиіспіз. Ертең ойынның басынан аяғына дейін ұйымдасқан футбол көрсетуге әрекет жасаймыз. Командам кез келген тактикаға қарсы ойнай алады. Иә, біз - жалпы турнирде аутсайдерміз, бірақ шәкірттерімнің деңгейі рейтингтегі қазіргі орыннан әлдеқайда жоғары», - дейді бапкер.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы - УЕФА-ның жаңа турнирі. Ол Еуропа құрама командаларының жолдастық кездесулерінің орнына ұйымдастырылып отыр.