«Асыл арнаның» контентін «Халық арнаға» толық тапсыратын Мұхаметжан Тазабековке дән ризамыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаметжан Тазабеков ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің отырысына келіп мәлімдеді. Тірнектеп жинаған контенттік архивін «Халық арнаға» толық тапсыратынын айтты. Мұхаметжанға осындай кемеңгерлік көрсеткені үшін дән ризамыз», - дейді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров.
Сондай-ақ, «Халық арна» телеарнасының Бас директоры Нұржан Дарқұлов арнадан қандай бағдарламалар көрсетілетіні туралы айтты.
«Бұл ҚМДБ-ның арнасы болғандықтан, негізгі басымдылық діни-ағартушылық бағытқа жұмсалады. Сонымен қатар, дәстүр құндылықтарын, тарих, мәдениет, дін мен дәстүр сабақтасқан, қабысқан мазмұндағы бағдарламалар болады. Сонымен қатар, бұл арнадан ұлт аспаптар оркестірінің концерттері, рухани кештер де көрсетіледі. Бұл - діни, мәдени, рухани, тарихи бағыттағы арна деуге болады», - дейді Нұржан Таласұлы.