Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов халықты, әсіресе жастарды маска режимі мен әлеуметтік қашықты сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құдайға шүкір, елдегі індеттің беті қайтты деп үміттеніп жүр едік, әйтсе де кейінгі кезде аты жаман ауруды жұқтырып жатқандардың саны қайтадан көбейіп бара жатыр екен. Қайта қорқа бастадық. Әлемдегі мемлекеттер де қайтадан шекараларын тарс жауып, етек-жеңін жиып жатыр. Ендеше біз де сақтанайық. Халықтың бір өкіліміз. Көптің біріміз. Ел ішінде көріп-біліп жүрміз – әлеуметтік қашықты да, маска режимін де сақтамайтындар көп екен. Өз басым сондайды байқасам, оның дұрыс еместігін айтып жүрмін. Талапты сақтамаған жастарды көрсем тоқтатып тұрып, «Маскаларың қайда? Неге кимейсіңдер? Қазір үйге барасыңдар, олардың жағдайын ойлайсыңдар ма?» деп кеңесімді де айтамын. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар. Өзіміз үшін ғана емес, өзге үшін де жауапты екенімізді ұмытпайық», - дейді Ермахан Ыбырайымов.
Олимпиада чемпионы халықты дәрігерлердің кеңесін тыңдауға шақырды.
Еске сала кетсек осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға үндеген болатын.
«Көптеген шет елдердегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын ұстанып, карантин шараларын сақтауға шақырамын», - деп жазды Президент Twitter-де.