Фото: ашық дереккөз
Блогер әрі әнші Заңғар Нұртас әлеуметтік желідегі жазбасында ағасы Қайрат Нұртастың жеке өміріне қатысты түрлі пікір айтып, отбасына араласатын жандарға өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Ult.kz MadeniPortal.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, соңғы кездері адамдар жеке хаттар арқылы ағасының отбасылық мәселелеріне қатысты ойларын жиі білдіретін болған.
«Осындай хаттар жиілеп кетті. Әркімнің өз пікірі болуы заңдылық, бірақ біреудің жеке өміріне араласу – дұрыс емес. Ол отбасында не болып жатқанын нақты білмей жатып сырттай баға беру орынсыз деп есептеймін. Өзім де отбасымда татулық пен тыныштық болғанын қалаймын. Қазақта “екі жастың арасына ара түскен оңбайды” деген сөз бар, соны естен шығармаған жөн», – деді ол.
Сондай-ақ Заңғар халық арасында айтылатын Қайрат Нұртастың табысы мен олардың өмір сүру деңгейіне қатысты сындарға да тоқталды.
«Кейбіреулер “Қайрат бәріне ата-анасының арқасында жетті” деп жатады. Біз, расында, таршылық көрмедік. Бірақ бұл – алдымен Алланың, содан кейін ата-анамыз бен ағамыздың еңбегінің нәтижесі. Олар бізге дайын дүние емес, өмір сүруге қажетті бағыт көрсетті. Қалай күн көріп жүргенімді менің жақындарым жақсы біледі. Әрине, бәріне бірдей түсіндіру міндет емес, бірақ кейбір сөздер жүйкеге әсер ететіні рас. Сондықтан түсіністікпен қарағандарыңызды қалаймын», – деп жазды блогер.
Ол өз жазбасының соңында жұртшылыққа айтылған пікірлердің өсіп келе жатқан ұрпаққа әсері болуы мүмкін екенін де еске салды.
«Көпшілік алдында жүрген соң, әр сөзге тосқауыл қою қиын. Бірақ біз де, ағаларымыз да – өсіп келе жатқан балалардың ата-анасымыз. Солардың санасына кері әсер ететін пікірлер айтылмаса екен дейміз. Бәріңіз бала тәрбиелеп отырған жандарсыз – соны ескерген дұрыс. Рақмет», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайраттың үйіне кілем таңдаған.
