29 шіл, 2016 сағат 15:48

Еркеш Шәкеев: Өмірдегі ең ауыр нәрсе — өз балаңнан айырылу

«Белгілі композитор Еркеш Шәкеев ұлын іздестіруге атсалысқан достарына, еріктілерге және полиция қызметкерлеріне алғыс айтты», — деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.

Айта кетейік, Сафар Шәкеевпен қоштасу рәсіміне композитордың достары, жақындары, әріптестері және таныстары Сафардың туыстарына көңіл айтуға келді. Қоштасуға Шәкеев отбасының достары келді, олардың ішінде Болат Әбілов, Арман Шораев, Бауыржан Шүкеев, Виктория Момынбаева, Нағима Есқалиева бар.

24 жастағы Сафар Шәкеевпен қоштасу рәсімінде оның әкесі ұлының жан-жақты болғанын айтып өтті. «Оның жоспары көп еді. Ол америкалық кино институтына түспекші болды. Сафар бірінші турдан өткенде, олар оған үш жыл өтілі болуы керек екенін айтқан еді», — деді Шәкеев.

Содан ол Сафардың жеткен жетістіктеріне тоқталды. Олардың арасында әлем чемпионаттарында және каратэден, бокстан, еркін күрестен, академиялық есуден, джиу-джитсудегі біріншіліктерде жеткен жетістіктері айтылды. Спорттық жеңістерден басқа Сафар халықаралық кинофестивальдарда өзінің қысқаметражды еңбектерімен жүлделі орындарға ие болған екен.

«Осында келгендеріңіз үшін рақмет. Бұл біз үшін өте маңызды. Іздестіру жұмыстарына барынша атсалысқан адамдарға алғыс айтамын. Оның достарына, өзімнің достарыма алғыс айтқым келеді. (…) Біз қарапайым отбасымыз, біз де сіздер сияқты күнделікті өмірдің тұрмысымен жүреміз. Мен әрқашан отбасым үшін, қоғам үшін еңбек етіп жүргеніме сенетінмін. (…) Полиция қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Олар Сафарды іздестіруге барынша көмектескен нағыз ерлер. ҰҚК, Ұлттық ұланның сарбаздары да іздестірді. Бір-бірімізді сүйейік. Бұл өмірде сүйіспеншіліктен басқа еш нәрсе жоқ. Сафар сондай жігіт болатын», — деді Шәкеев.

«Ол қырсыққа ұрынды. (…) Балаларыңыз дос таңдай білсін, оларға кері әсер ететін адамдармен дос болмасын. Ондай адамдарды бірден байқайсың. (…) Менің сіздерге кеңесім: бір-біріңізді сүйіңіздер. Достарды бағалау керек, досты қалдырмау керек. Сафар қандай жағдай болса да, досын тастап кетпес еді. Биіктерден көрінген адамдар үшін қуану керек. Көреалмаушылық болмау керек. Сафар адамгершілігі мол, мейірімді адам болатын. Барлығыңа қамқор болып жүретін. (…) Өмірдегі ең ауыр нәрсе — өз балаңнан айырылу. Мен әрқашан өзімнің адал өмір сүріп, ешкімді ренжітпегеніме сеніп келдім. (…) Өтінемін, бір-бірлеріңізді сүйіңіздер. Жағымсыз эмоциялардың барлығынан арылыңыздар. Жаман адамдармен байланыспаңыздар», — деді Еркеш Шәкеев.

 

Осыған дейін Сафар Шәкеевтің мәйіті Есентай өзенінен табылғаны хабарланған болатын. Оның өлімінің себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама жүргізілді.

Шәкеевті іздестіру жұмыстары 12 күнге созылған. Іздеу жұмыстарына 200 адам қатысты. Есентай өзені, Бағанашыл және Ремизовка аумағы тексерілді. Соңғы рет оны әл-Фараби даңғылындағы «Казкоммерцбанк» орталық бөлімшесінде таңғы сағат 7.00-де көргендер бар. Сафар Шәкеев қызғылт түсті футболка мен көк джинс киген. 1991 жылғы Сафар Шәкеевтің із-түссіз жоғалғаны туралы хабар Медеу аудандық ішкі істер басқармасына 2016 жылдың 16 шілдесінде сағат 22.00-де түскен.

Айта кетейік, полицейлер Сафар Шәкеевті қалтасынан табылған әмияны арқылы таныған. Мәйітті судан шығарған уақытта осыдан 13 күн бұрын жоғалған Сафар Шәкеевке тиесілі құжаттар, әмиян және кілттер табылған болатын.

Ал бүгін 29 шілдеде Сафар Шәкеевпен қоштасу рәсімі өтті.