04 қаз, 2020 сағат 12:31

Ерекше суретке түспек болған 2 елордалық көпірдің аркасына шыққан

Елордада суретке түспек болған ересек екі ер адам көпірдің аркасына шығып кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, бүгін түнде 00:28-де полицияның «102» пультіне куәгерден белгісіз екі адам мас күйінде Қабанбай батыр даңғылының Рамстор жағындағы көпірдің аркасына шығып жатқаны туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына Нұр-сұлтан қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері дереу келген. Полицейлер бұл фактіні растады. Тәртіп сақшылары мас күйіндегі 33 және 34 жастағы екі ер адамды ұстады.

Жігіттердің өздері түсіндіргендей, олар түнгі Нұр-Сұлтан қаласының көрінісімен бөлісіп, ерекше сурет түсірмек болғаны үшін осындай әрекетке барған.

Мұндай әрекеттері үшін олар полицияға жеткізіліп, наркологиялық диспансерде тексеруден өтті. Ұсталғандардың екеуі де ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. 

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ұсталған азаматтармен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша профилактикалық әңгіме өткізді. 

Қала тұрғындарының қырағылығының арқасында жігіттердің бұл әрекеті қайғылы жағдаймен аяқталған жоқ.