21 қар, 2019 сағат 07:25

Ербосынұлы мен Жаңабаев әлемнің экс-чемпионының бокс кешінде айқасады

Қазақстандық екі боксшы WBA және IBF нұсқалары бойынша бірінші ауыр дивизиондағы әлемнің экс-чемпионы, ресейлік Денис Лебедевтің (34-2, 23КО) айқасының андеркартында жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, супер орта салмақта өнер көрсететін Айдос Ербосынұлы (12-0, 8КО) мен жартылай орта салмақтағы Нұрсұлтан Жаңабаевтың (8-0, 5КО) қарсыластары әзірге белгісіз. Қос боксшы да Алматы маңында орналасқан AIBA-ның Бокс академиясында жаттығуға кірісіп кетті.

«27 жастағы А.Ербосынұлы 12 айқаста 12 рет жеңіске жеткен (8-і – нокаутпен). Оның еншісінде WBA Inter-Continental және WBO Global титулдары, сондай-ақ 2018 жылдың желтоқсанында Мәскеуде бельгиялық Илияс Ачергиді (12-4-1, 6КО) нокаутқа түсіргеннен кейін қол жеткізген WBC Asia белдігі бар. Ал 26 жастағы Н.Жаңабаев WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific белдіктеріне ие. Ол рингке 8 рет шығып, барлығында жеңіске жеткен (бесеуі – нокаутпен)», - делінген ақпаратта.

Бокс кеші 21 желтоқсан күні Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Оның басты айқасында Лебедевтің қарсыласы Оңтүстік Африка өкілі Табисо Мчуну (21-5, 13КО) болмақ.

Айта кетейік, Лебедевке WBA және IBF нұсқалары бойынша бірінші ауыр салмақтағы титулдар тиесілі болып келген.