Бүгін Астанада өткен "Жаңа әліпби – жаңғыру жолы" атты дөңгелек үстелде Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов латын әліпбиінің жобасында диакритикалық тәсіл (әріп үстіне ноқат қою) неге алынбағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тілешов латын графикасындағы қазақ әліпбиінің кейбір дыбыстары болашақта қайта қаралып, өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтты.
"Латын графикасы негізінде әліпби жасаудың әлемде қалыптасқан үш жолы бар. Диакритикалық, (үстіне ноқат қою), диграфтық және апострофтық тәсіл. Апострофты таңдау себебіміз – диграфқа қарағанда жазуды жеңілдету мәселесі болды. Дегенмен кейбір дыбыстарға қайта оралу қажет болады. Бұл енді күн тәртібіндегі мәселе. Ұлттық комиссия құрылғаннан кейін, жұмыс ретін кезең-кезеңмен белгіленіп, жоспар жасалады. Жаңа әліпбидің емле ережесін, орфографиялық, орфоэпиялық сөздігін жасау мәселесі күн тәртібіне қойылады. Сондықтан емле ережесін әзірлеу кезінде кейбір өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек: диакритикалық тәсіл болсын, диграфтық, апострофтық тәсіл болсын, ғалымдар арасында да, қоғамда да осы үш тәсілдің біреуін қолдайтындар, қалғанына қарсы болатындар бар. Өйткені латын таңбалары қазақ тіліне арналмаған, қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесі болмағандықтан, әртүрлі пікірдің болуы әбден заңды", — деді ол.
Осы орайда Тілешов ноқат қою арқылы жасалынатын әліпбиге не себепті бармағанын түсіндіріп өтті.
"Жаңа айтылып өткендей, әлемнің 45 елінде 5 миллионға жуық қазағымыз тұрады. Меніңше, оларға диграфтық, апострофтық тәсіл түсінісуіне әлдеқайда жақын. Диакритикалық тәсілге бармаған себебіміз де осы. Екінші бір мәселе, апострофтық нұсқадан кейін біз түркі әлемінен алыстап кеттік деген сыңайда пікірлер айтылып жүр. Менің айтарым – біз қай әліпбимен де түркі әлеміне жақындай алмаймыз. Әліпби деген таңба. Егер әліпби арқылы тіл үйренетін болсақ, кириллица кіргеннен кейін бүкіл қазақ орысша біліп алған болар еді. Ондай болған жоқ. Ағылшынның 26 таңбасын бәріміз білеміз, бірақ бәріміз ағылшын тілін білмейміз. Өзбектікі басқа, түрікмендікі, әзірбайжан, түріктікі басқа. Сондықтан әліпби арқылы түркі әлеміне жақындасып кетеміз, басқа түрік тілдерін игеріп аламыз деу шындыққа келмейді", — дейді Тілешов.