Нұр-Сұлтан қаласының № 90 мектеп-гимназиясының директоры, қайымтанушы, Қайым Мұхамедхановтың шығармалар жинағының 10-томдығын құрастырушы Ербол Іргебай ғалымның есімін ұлықтау жолында бірнеше ұсыныс барын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз «Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығы арқылы жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру» деген жоба әзірледік. Осындағы негізгі Қайым Мұхамедхановтың тұлғалық қасиеті туралы айтып жатырмыз ғой. Ол – ғалым, ұстаз, ақы, драмматург, аудармашы, текстолог. Қайымның ғұмырын ары қарай біз таныстыруымыз керек. Қайымның музейі ашылса, Қайым оқулары өтсе, Қайымтану курсы болса дейміз. «Ер Қазақ» пен Қайым деген – бір-бірінен ажырамайтын сөздер. Осы ретте «Ер Қазақ» деген бір журнал шығарылса деймін. Қайымның өмірін таныстыруға арналған экспедициялар ұйымдастырылып, Қайымның атындағы сыйлықтар болса деген ұсыныстар бар», - деді Ербол Іргебай Нұр-Сұлтан қаласының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіндегі брифингіде берген сұхбатында.
Оның айтуынша Қайымның бойындағы ізгі қасиеттерді қазіргі жас буынның бойына сіңіре білген абзал.
«Осы жобада аталған мәселелердің бәрін қамтуға тырыстық. Сәтін салса келешекте оны міндетті түрде жүзеге асырамыз деген ойдамыз», - деді ол.