Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының бірінші орынбасары, эпидемиолог Бауыржан Жүсіпов мектептерде кезекші сыныптардың ашылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Меніңше, 1-4 сыныпта оқитын балалар үшін кезекші сынып енгізу дұрыс шешім болды. Төменгі сынып оқушылары мектепте оқуы керек. Менің де осы жастағы балаларым бар», - деді спикер коронавирустың екінші толқынын талқылауға арналған онлайн жиында.
Эпидемиологтың айтуынша, бастауыш сыныптағы мектеп оқушыларына онлайн режимде оқу ауыр тиеді.
«Ал қалған мектеп оқушыларына қатысты шешімді Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі қазір қабылдамағанда, барлық оқушылар 1-тоқсанда оффлайн оқығанымен, 2-тоқсанда ережені қатаңдатуға тура келер еді. Жалпы, індет маусымдық сипатқа ие. Бұған қоса, ол қоғам иммундалмаған кезде айтарлықтай деңгейде дами береді. Демек, қалай десек те барлық ел белгілі бір деңгейде індетті бастан кешіреді. Біз мұны жақсы түсінеміз. Вакцина жаппай қолдануға 2021 жылдың ортасына қарай ғана дайын болады», - деді эпидемиолог.