ЕО табысы төмен елдерге 200 миллион доза COVID-19-ға қарсы вакцина береді. Бұл туралы Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
"Әлемдік денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен дағдарыстан бірге өтуді ұйғардық", - деді фон дер Ляйен және ол Еуропадағы ересектердің 70 пайызы толық екпе алғанын айтты.
Сондай-ақ, ол Еуропа өзінің вакциналар қорын басқа елдермен бөлісетін жалғыз аймақ екенін және табысы төмен елдерге тағы 200 миллион доза вакцина беруге уәде бергенін айтты.
"Біз қазірдің өзінде 250 миллион дозаны бөлуге міндеттеме алдық. Келесі жылдың ортасына қарай табысы төмен елдерге тағы 200 миллион дозаны қосамыз", - делінген хабарламада.