11 қар, 2021 сағат 22:19

ЕО елдері коронавируспен күрес шараларын күшейтіп жатыр


Еуропаның барлық елінде ауру көрсеткіші артып келеді. Аустрия, Германия мен Нидерланд үкіметтері санитарлық талаптарды күшейту туралы мәселені қарастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Аустрия үкіметі енді ел тұрғындарына бар-мейрамханаға, түнгі клуб, спорт орталығы, мәдени мекемелерге және шаштаразға бару үшін толық вакцина алғанын немесе бұрын коронавируспен ауырып жазылғанын растайтын құжатты көрсету қажет деп мәлімдеді. 

Бұған дейін Аустрияда 11 мыңнан астам коронавирус жұқтырған адам тіркелген.

Германияда Берлин сенаты жазғы террассасы жоқ кафе мен мейрамхана, шаштараз бен кинотеатрға 18 жастан асқан вакциналанбаған адамдар кірмейді, деп мәлім етті. Инфекцияны жұқтырғандардың көбеюіне байланысты осындай шешім қабылданды. Сәрсенбіде Германияда пандемия басталғаннан бері ауруға шалдыққандар саны ең көп тіркелді, сонымен қатар ауруханалада, әсіресе ел астанасында жағдай нашарлап кеткен. 

Сәрсенбіде коронавирус жұқтыруға қатысты 12 700 жаңа жағдай тіркелген Нидерландта қатаң шектеу шаралары қарастырылуы мүмкін. Өйткені эпидемиолог сарапшылар тобы үкіметке екі аптаға қысқа мерзімді оқшаулау режимін жариялауды ұсынды. Бұл шара осы уақыт аралығында кинотеатр, театрларды жабуды, сондай-ақ басқа да бұқаралық шараны өткзбеуді қарастырады. Сондай-ақ, мамандар қоғамдық тамақтану орындарының жабылу уақытын шектеуді ұсынды. 

Бельгияда да Covid-19 жұқтырғандар саны артып кетті. Алайда, әзірге Бельгия саясаткерлері тұрғындарды қашықтан жұмыс істеу режиміне оралуға шақырды. Бельгия үкіметі жанындағы Консультативтік комитет келесі аптада эпидемиология жай-күйін талқылау үшін бас қосады. Сонымен қатар, Брюссель аймағы коронавирус вакцинасының «күшейуші» дозасын салдыра бастау үшін 2022 жылдың сәуіріне дейін төрт вакцинация орталығын ашық ұстауды жоспарлап отыр. 

Бельгияның денсаулық сақтау министрлері желтоқсанның ортасынан бастап Johnson&Johnson вакцинасын бір рет алған адамдарға қосымша екпе егуді мақұлдады.