Еуропалық комиссия ЕО-ға мүше мемлекеттердің коронавирусқа қарсы вакциналар мен тест жиынтықтарын сатып алу кезінде ауруханаларды, практик дәрігерлерді және жеке тұлғаларды қосымша құн салығынан (ҚҚС) босату туралы шешімін құптады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Еуроодаққа мүше барлық мемлекет бірауыздан қабылдаған және 2020 жылғы 28 қазандағы комиссияның ұсынысына негізделген жаңа ережелер коронавирустың алдын алу, анықтау және емдеу үшін қажетті құралдарға арзан бағада қол жеткізуді қамтамасыз етуге арналған.
Еурокомиссияның экономика жөніндегі комиссары Паоло Джентилони ЕО елдерінің келісімі бүкіл Еуропа аумағында коронавирусқа қарсы вакциналарды ҚҚС-сыз сатып алуды қамтамасыз етуге көмектеседі деп санайды. Комиссия өкілінің айтуынша, вакциналарды сәтті енгізу пандемиямен күресуде өте маңызды және бұл алдағы айларда ЕО-ның басты басымдығы болмақ.
Қазіргі уақытта одаққа мүше мемлекеттер вакциналарды сату кезінде ҚҚС-ның төмендетілген мөлшерлемелерін қолдана алады, бірақ нөлдік мөлшерлемені қолдана алмайды. Бұл ретте COVID-19-ға тестілеуге арналған жиынтықтарға жеңілдігі бар мөлшерлемелер қолданылмайды.
«ЕО-ның салық және кеден саясаты коронавирусқа қарсы күрес бойынша маңызды медициналық тауарларға қол жеткізуді қамтамасыз етуде, сондай-ақ ішкі нарыққа түсетін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ажырамас рөл атқарады», - деп атап өтті Еурокомиссияда.